4 мамыр күнгі ақпарат бойынша Жаңатұрмыс ауылында 46 үй, Жеңіс ауылында 130 үй, Фирдоуси ауылында 250 үй, Өргебас ауылында 194 үй, Достық ауылында 11 үй — жалпы саны 631 үй су астында қалып отыр.

2 мамырда Атакент елді мекенінде 24 эвакуация пункті ашылды.

Апаттан құтқару жұмысына барлығы 986 адам, төрт қайық, 180 техника тартылған.

Полиция Жаңатұрмыс, Фирдоуси, Өргебас, Нұрлыжол, Иіржар елді мекендерінде бір, Тәңірберген Жайлыбаев ауылында екі — барлығы жеті блокпост орнатты.

Тасқын басқан ауылдардан 3 115 бас ірі қара, 1 101 бас ұсақ мал, 585 бас жылқы, 34 бас түйе Келес ауданындағы Қызыләскер ауылына айдалды. Тағы 1 797 бас ірі қара, 6 029 бас ұсақ мал, 689 бас жылқы, 381 бас түйе мен 165 бас шошқа Мақтаарал ауданындағы қауіпсіз аймаққа жеткізілді.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысында су тасқынынан 10 ауыл зардап шеккенін хабарлаған еді. Үкімет топан су салдарын жою жөніндегі комиссия құрды, оны Роман Скляр басқарады.

Өзбекстандағы Сардоба суқоймасының суы тасып, Мақтаарал ауданындағы ауылдарды басып қалды. Ауданда төтенше жағдай жарияланды.