Үйдегі қарым-қатынасты реттеу мен жетілу жолдары
Төтенше жағдай кезінде психолог Аида Тұрғазының клиенттері азаймаған және азаматтарды толғандыратын мәселелер де аса өзгермеген. Сонымен бірге осы кезеңді пайдаланып, өзін-өзі дамытуға ден қойған жастар көбейген.
«Маған көбіне күйеуімен, енесімен арадағы қарым-қатынасын реттегісі келген әйелдер хабарласады. Жалқаулықты жеңу, ертеңге сенімді арттыру мен алдағы өмірді жоспарлау жөнінде кеңес сұраған студенттер де көп болды. Олар осы уақытқа дейінгі іс-әрекетіне есеп беріп, енді қалай жетілуге болатынын білгісі келді», — дейді Аида Тұрғазы.
Психологтың айтуынша, адамдар басында шектеулерді ауыр қабылдады, көнгісі келмеді. Кейінгі апталарда карантиннен рақат алуға тырысқаны байқалды. Дегенмен отбасында кикілжің болмай тұрмайды.
Бірде 20-дан енді асқан келіншек хабарласты. Ата-енесімен бірге тұрады екен. Карантин себебінен бәрі үйде болып, тұрмыс мәселесіне, бала тәрбиесіне қатысты өзара түсініспеген. Оған себеп — ене мен келіннің бір-бірінен жалығып, ситуацияны шешудің жолдарын қарастырмауы, — деді психолог.
Маманның айтуынша, төтенше жағдай кезінде әдеттегідей отбасындағы зорлық-зомбылық жөнінде онлайн кеңес алғандар да аз болмады. Психолог бір жағдайды айтып берді.
Клиенттің күйеуі ішімдікке жақын, бірақ тәуелді емес. Әйелдің оған деген сезімі суымаған, ажырасуды ойлауына туған-туыстың «жолдасыңды таста» деген сөзі әсер еткен. Әрине, әйеліне қол көтерген еркекті ақтауға болмайды. Дегенмен зайыбы да еріне дұрыс талап қоймаған, жақындарының арандатуына ұрынған, — дейді Аида Тұрғазы.
Психологтан кеңес ала алмай отырғандар көп
Психолог Ержан Мырзабаев та карантин отбасындағы қарым-қатынас үшін сынақ болғанын айтып отыр. Оған өзара жанжалдасып қалған ерлі-зайыпты мен балаларымен түсінісе алмаған ата-ана көп хабарласқан.
«Маған көбіне әйелдер «карантин уақытында жолдасым екеуіміз көп ұрысып қаламыз, не істеу керек?» деген сауалмен хабарласты. Жасөспірім баласымен келіспей қала беретін ата-ана да көмек сұрады. Олар өтпелі кезеңдегі балаға тіл алғызу қиындап кеткенін айтты. Жалпы, үйдегі адамдардың өзара қарым-қатынасы дұрыс болса, карантин сияқты жағдайда бір жерде ұзақ уақыт бірге отырған кезде олардың арасы жақындай түседі. Олай болмаса, қарым-қатынас шиеленісе түседі», — дейді Ержан Мырзабаев.
Психологтың айтуынша, былайғы күндері ерлі-зайыпты арасындағы кикілжің білінбей қалып, ушықпауы мүмкін. Таңертең ұрысып қалса, кешке жұмыстан келгенше ұмытылады. Қазір әйел мен еркек бір сөзге келсе, күні бойы ұрысып шығуы мүмкін. Дегенмен екі бөлек жерде тұрып та сөйлеспей қалғандар бар.
Бір күні бір ер адам хабарласты. Төтенше жағдай режиміне дейін әйелімен ұрысып, оған қол көтеріпті. Содан кейін басқа қалаға іссапарға кеткен. Қалалар карантинге жабылып, үйіне қайта алмай қалған. Қазір зайыбы телефонын көтермейді, әлеуметтік желілерден бұл кісінің аккаунтын құлыптап тастапты. Мұнысына басында ері ашуланған, бірақ кейін әйелін қатты ренжітіп алғанын түсінген. Менен кеңес алу барысында ол өз қатесін мойындады, енді емделіп, отбасына оралғанда әйел, бала-шағасымен қалай сөйлесуі керек екенін үйреніп жатыр. Терапияны АҚШ психологы Джон Готтман әдісі бойынша жүргіземін, — дейді психолог.
Төтенше жағдай кезінде психологтан агрессорлармен қатар зорлық-зомбылық көргендер де кеңес алған.
Күйеуі сабаған бір әйел менімен бақшада жұмыс істеп жүріп сөйлесті. Үйдің ішінде сөйлесуге мүмкіндігі жоқ. Арасында «енем келе жатыр», «күйеуім келе жатыр» деп тұтқаны қоя салады, сәлден соң қайта телефон соғады. Енесімен сыйыса алмай жүр екен. Соның кесірінен күйеуімен арасы бұзылған. Бұл қиындықтың себебін оның бала кезінен таптық. Үйінің кенжесі болып, бұл кісіге аз көңіл бөлінген. Бала кезінде ананың ролін ешкім атқармаған. Енді ана роліне жаңа адам — ене келгенде онымен қалай тіл табысу керек екенін білмейді. Оған қоса, анасына деген өкпе-ренішін енесіне шығарып жатқанын анықтадық. Клиент мұны түсінді. Қазір отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы жақсарып келеді, — дейді Ержан Мырзабаев.
Психолог көмектескісі келген адамдардың көбі мәселесін ашық талқылаудан қашқақтап, оның пайдасы боларына сенбеген. Мұндай адамдар ішіндегісін ұрысқан кезде ғана шығаруға үйренген. Дұрысы — кез келген жағдайды адамға көзбе-көз отырып, байыппен баяндау.
Айтып отырғаным — маған хабарласа алғандардың мәселесі. Үйіндегі адамдардан ығып, менімен сөйлесе алмай отырғандар қаншама?! Ондай кісілер бар екенін онлайн семинар кезінде жазылған комментарийлерден байқадым, — дейді психолог.
Карантин ішкі мәселелерге үңілуге итермеледі
Нұргүл Сүйіндікованың клиенттерін төтенше жағдай кезінде тағдыр, болмыс, өмір мен өлім сияқты экзистенциализм мәселелері көбірек мазалаған болып шықты. Адамдар өзінің жоқ болып кету қаупі, өмірде істеп үлгермеген нәрселері, өлімге дайын не дайын емес екені туралы айтқан.
«Тіршілікте өзімізден қашуға көп мүмкіндік берілген. Арасында өмірдің уақытша екені, жалғаннан жалғыз кететініміз, көп шаруа бітіре қоймағанымыз туралы ой ішімізде «ұли» бастайды. Әдетте болмыс туралы мұндай терең ойға берілуден бізді жұмыс, ойын-сауық, баламыздың сабағы мен күйбең тірлік құтқарып жүрді. Бұл сауалдарға бойлай алмаған адам аш қалу, арқа сүйейтін адам таппау деген сияқты үрейге тап болады. Қазір қашатын жер жоқ, қалай да терең толғануға, мұндай оймен бетпе-бет келуге мәжбүрміз», — дейді Нұргүл Сүйіндікова.
Психологтың айтуынша, оқшау жағдай адамдардың қордаланып қалған ішкі мәселелерге үңілуіне ықпал етті. Оған хабарласқан адамдардың көбі ішін өмірде істей алмаған әрекетіне байланысты өкініш жегідей жейтінін айтқан.
* * *
Бұл мақала «Qolda» жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте жасалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасымен сәйкес болмауы мүмкін.
(Иллюстрация: Dribbble.com/©Marta Salamon)