Штабтың мәліметінше, Мақтаарал ауданында баспанасын су басқан 2 243 азамат қауіпсіз аймаққа көшірілді. Сонымен бірге су басуы мүмкін Нұрлыжол мен Фирдоуси ауылдарындағы 415 үйде тұратын тағы 3200-ден астам адам эвакуацияланған. Тасқын төрт елді мекенге қауіп төндірді. Бұл — 4 624 тұрғыны бар 868 үй.
Қазір дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында қауіптің беті қайтты. Төтенше жағдайға байланысты 18 эвакуация орны дайындалды, олар Атакент, Мақтаарал, Жамбыл елді мекендерінде орналасқан. Апаттан құтқару жұмысына 630 адам мен екі су көлігі және 56 техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда қауіпті аймақтағы азаматтар мен үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіру шаралары ұйымдастырылып жатыр. Бұл жұмысқа Келес, Жетісай, Шардара, Сарыағаш аудандарының әкімдігі атсалысады, — деді облыстық штаб жетекшісінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.
Мыңдаған гектар егістік пен бау-бақша, жүздеген бас мал
Облыстық штабтың мәліметінше, Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдоуси елді мекенін де су басты. Су ауыл ортасындағы орта мектеп аумағына дейін көтерілген. Алты үйдің ауласы суға кеткен. Елді мекен ішіндегі коллектор да суға толған. Жеңіс елді мекеніне кіреберістегі негізгі көпірді су шайып кетті. Көпірдің ұзындығы — 10 метр, ені — 6 метр. Нұрлыжол ауылындағы 28 гектар мақта егістігін де басты.
Тасқыннан Жаңажол мен Еңбекші ауылдық округтеріндегі үш елді мекенде 1 682 гектар болатын ауыл шаруашылығы дақылдары зардап шекті. Болжам бойынша шығын көлемі — 181,1 миллион теңге. Атап айтқанда, 1 480 гектар мақта алқабы — 148 миллион теңге, 42 гектар жоңышқа алқабы — 2,1 миллион теңге, 150 гектар бақша өнімі — 30 миллион теңге, 10 гектар жүгері — 1 миллион теңге. Төрт ауылдағы мал басы 5 335 еді. Оның 799-ы зардап шекті, 249 басы қырылды. Оның 328-і — ірі қара, 361-і — ұсақ мал, 53 басы — жылқы, 57-сі — түйе. Бұл — алдын ала мәлімет.
Ветеринарлар Жантақсай, Фирдоуси елді мекендерінен 3 686 бас малды эвакуациялауға кіріскен. Әкімдік мамандары шығынды әлі толық анықтап болған жоқ.
Төрт елді мекеннен эвакуацияланған 5400-ден астам адам Атакент кенті мен Есентаев, Игілік, Береке, ҚазКСР-інің 40 жылдығы ауылдарындағы мектептерге орналастырылып жатыр. Оларға тамақ пен медицина көмегі беріліп жатыр. Көрші Сарыағаш, Келес, Жетісай, Шардара аудандарының кәсіпкерлері мен жергілікті азаматтар көмекке келді. Мырзакент кенті көшірілмейді. Онда су басу қаупі жоқ. Мақтаарал ауданындағы жағдай толық бақылауда, — деді облыстық штаб жетекшісінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
Өмірзақ Шөкеев апаттан зардап шеккен ауылдарды аралады, Жаңатұрмыс пен Жеңістегі жарамсыз болып қалған үйлерді қарап шықты. Жаңатұрмыста 47 үй, 321 тұрғын тұрады, бір мектеп, бір медпункт, бір мешіт бар. Ауылдағы ірі қара саны — 2 700, қой басы — 3000, жылқы — 150, тауық саны — 450.
Жеңіс ауылындағы 280 үйде 1 922 тұрғын тұратын. Мұнда бір мектеп, екі балабақша, бір медпункт, бір мешіт, бір мәдениет үйі бар. Жайылымның 500 гектарын, егістік алқаптың 50 гектарын су басқан. Ауылда 350 бас ірі қара, 350 бас қой 270, 300 бас түйе, 70 бас жылқы, 700 тауық болған.
3 мамырда Мақтаарал ауданында тағы бір ауылды су басып қалды.
Ауылдарға Өзбекстан да көмек береді
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев Сардоба суқоймасы бөгетінің бұзылуы Қазақстанның оңтүстігіндегі елді мекендерге зиян келтіргеніне өкініш білдірді. Бұл туралы ол Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефонмен сөйлескен кезінде айтты. Шавкат Мирзиеевтің айтуынша, Өзбекстан су тасқынынан зардап шеккен аудандарды тезірек қайта қалпына келтіру мақсатында бірлескен шараларды қолға алуға ниетті. Қазақстан Президенті де өзбек халқына көмек беруге дайын екенін мәлімдеді. Екі ел Үкіметтері үйлесімді жұмысқа кіріспек.
Президенттер коронавирус пандемиясының Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономика қатынастарына кері әсерін болдырмау үшін екіжақты ықпалдастықты жандандыру қажет екенін айтты. Олар ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және тағы басқа салалардағы экспорт әлеуетін арттыру үшін бірлескен өндіріс орындарын ашуға уағдаласты.
Еске салайық, 1 мамырда таңертең Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба суқоймасы бөгетті жарып кетіп, тасыды. Төңіректегі елді мекендерді су басты, 70 мыңға жуық тұрғын құтқарылды, 56 адам ауруханаға түсті. Сардоба суқоймасына 900 миллион текше метрден артық су жиналады, бөгет бұзылғаннан кейін жайылған су Қазақстанның оңтүстігіндегі ауылдарға да жетті. Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне зардап шеккен тұрғындарға көмек беруді тапсырды. Жергілікті билік суқойма суы әлдеқашан тоқтағанын және жағдайды қалпына келтіруге облыстың мүмкіндігі жететінін хабарлады. Оқиға орнында республикалық шұғыл штаб жұмыс істеп жатыр. Дәрігерлер эвакуацияланған тұрғындарға коронавирус жұқпауын қадағалауды қолға алды.