Дәрігерлер эвакуацияланғандарға COVID-19 жұқпауын бақылап отыр

Өзбекстандағы Сардоба суқоймасының бөгеті жарылғаннан кейін Қазақстанның шекаралас өңіріндегі төрт елді мекеннен 5 400 тұрғын эвакуацияланған еді.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, тұрғындардың біразы туысқандарының үйіне барса, 3 мыңға жуығы Атакент кентіндегі 10 мектепке орналастырылды. Азық-түлік, ыстық тамақ беріліп жатыр.

Көпшілікті тұрғындардың коронавирус жұқтырмауы алаңдатып отыр. Себебі көрші Жетісай ауданы — COVID-19 инфекциясының ошағы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Жетісай ауданындағы инфекциялық ауруханада облыс бойынша 32 науқас емделіп жатса, Мақтаарал ауданының ауруханаларында бір де бір науқас жоқ.

Қазір дәрігерлер эвакуацияланған халықты індеттен барынша сақтандырып отыр.  Халыққа антисептик, бетперде, қолғап тегін таратылып, әр азаматтың дене қызуы тепловизормен тексеріліп жатыр.

Өзбекстандағы Сардоба суқоймасының суы 1 мамыр күні бөгетті жарып жіберіп тасыған. Ауылдарды су басты, 56 адам зардап шекті. 70 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Тасқын туралы хабар келісімен Қазақстанның Мақтаарал ауданында да тұрғындар эвакуациялана бастады. Аудандағы екі ауылды су басты, төрт елді мекеннің халқы көшірілді. Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланды.