Қасым-Жомарт Тоқаев Дариға Назарбаеваның өкілетін тоқтатты

Бұл туралы хабарлама Ақорда сайтында жарияланды.

Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның өкілеті тоқтатылды, — деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де Дариға Назарбаеваға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы ретінде атқарған белсенді және жемісті жұмысы үшін ризашылық білдіретінін жазды.

Дариға Назарбаева 2019 жылдың 20 наурызында құпия дауыс беру нәтижесінде Парламент Сенатының төрағасы болып сайланды. Сол жылдың 12 тамызында Президент оны Сенат депутаты етіп қайта тағайындады, ал қыркүйекте ол қайтадан жоғары палатаның төрағасы болды.

Дариға Назарбаева 1963 жылдың 7 мамырында Теміртауда туған. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1992-1994 жылдары «Бөбек» балалар қайырымдылық қоры президенті төрағасының орынбасары, 1994-2004 жылдары «Қазақстан телевизиясы мен радиосы» республикалық корпорациясының вице-президенті, «Хабар» ұлттық телевизиялық ақпарат агенттігінің директоры, «Хабар» агенттігі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры, «Хабар» агенттігі» ЖАҚ президенті, «Хабар» агенттігі» ЖАҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды.

2004-2007 жылдары «Асар» партиясының атынан Парламент мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2007-2012 жылдары ҚР Тұңғыш Президенті қорын басқарды.

2012-2015 жылдары Мәжіліске «Нұр Отан» партиясы атынан депутат болды, палатаның әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетін басқарды, палата төрағасының орынбасары және «Нұр Отан» фракциясының басшысы қызметін  атқарды.

2015-2016 жылдары ҚР Премьер-министрінің орынбасары болды. 2016-2019 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, палатаның халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы болды.

2019 жылдың наурызында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кіріскеннен кейін оның орнына Дариға Назарбаева спикер болып сайланды.