Алматы облысында 450 шақырымға су құбыры желісі тартылады

Облыста 742 елді мекеннің 674-і орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген. Биыл 26 нысанның құрылысы аяқталады. 450 шақырым су құбыры желілері салынып, жаңарады.

2020 жылдың қорытындысы бойынша 5 елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз етіледі-. Нәтижесінде 4,3 мың адам сапалы ауызсуға қол жеткізеді.

Осылайша өңірдің орталықтандырылған ауызсумен қамтылған елді мекендерінің саны ​ 679-ға жетеді.

2025 жылға дейін ​ облыстың 714 елді мекені орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі. Қалған 28 елді мекен бойынша (халық саны 50 адамнан кем) оңтайландыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Облыс аумағында республикалық бюджет есебінен үш топтық су құбырлары салынған. (Түрген, Талғар және Бозой). Бұл топтық су құбырларына 22 елді мекенді қосу мақсаты тұр.

2019 жылы «Қаскелең топтық су құбырының құрылысы, бірінші іске қосу кешені 1-кезек» жобасының құрылысы аяқталды. I және II кезектегі жобаны іске асыру нәтижесінде Қарасай ауданының 24 елді мекені сапалы ауызсумен қамтылады.

Биыл Еңбекшіқазақ ауданының 9 елді мекенін сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында құны 4,5 миллиард теңге болатын «Еңбекшіқазақ ауданының топтық су тартқышының құрылысы» (1-кезек, ІІ іске қосу кешені) жобасын іске асыру жоспарланып отыр.

Кәріз жүйелері бойынша:

Биыл Алакөл көлінің жағалауында туристік кластерді дамыту үшін құны 1,7 миллиард теңге болатын Алакөл ауданы Ақши ауылының кәріз жүйесінің құрылысы басталады.

Бұған қоса, Қапшағайда кәрізді тазарту құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі бар.