Алматы облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өңірлік және аудандық кеңес мүшелері, Қарасай ауданының кәсіпкерлері — Жанна Жазықпаева, Әзім Абдуллаев, Жанат Молдағұлов және Асқар Оспанов аз қамтылған отбасыларға көмек берді.
Қазіргі уақытта біз көптеген отбасыны азық-түлікпен, тұрмыс тауарларымен қамтамасыз етуге тырысамыз. Қарасай ауданының кәсіпкерлері осындай қиын уақытта біз үшін қолдау көрсетіп, үн қатқаны қуантады. Қазіргі уақытта 92 отбасыға көмек беріп, мұқтаж отбасылардың тізімін құруды жалғастырамыз, — деді Қарасай аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Орынбай Жанәділ.
Жақында Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, «BilimInvest білім беру инвесторларының ұлттық ассоциациясы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Күләнда Батырбекова Талғар ауданының отбасыларына материалдық көмек көрсетті. Отбасыларыға азық-түлік себеті таратылды. Бұған қоса, қазіргі уақытта мұқтаж азаматтар үшін бірінші кезекте қажет дәрі-дәрмектер және медицина бұйымдары сатып алынады. Оның айтуынша, басқа аудандық Ассосация бөлімшелері көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп жатыр.
Сонымен қатар Алакөл ауданының кәсіпкері, өңірлік кеңес мүшесі Досан Каримов ауданның аз қамтылған отбасыларын ұнмен қамтамасыз етті. Ол мұқтаждар үшін 3 миллион теңге көлемінде ұн сатып алған.