Шаштараздарға және тағы кімдерге жұмысқа кірісуге рұқсат берілді?

Еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, карантин жағдайында өңірлердегі шектеу шараларын одан әрі жеңілдету жөніндегі ұсыныстар туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов баяндады.

Мемлекеттік комиссия өңір әкімдерінің ұсынысын қарап, Денсаулық сақтау министрлігінің позициясы бойынша бірнеше шешім шығарды:

  1. 4 мамырдан бастап барлық өңірде жұмысқа кірісетін кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізімі бекітілді, олар:
  • азық-түліктен басқа тауар сататын ауданы 500 шаршы метрден аспайтын дүкендер сағат 17.00-ге дейін;
  • фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер;
  • шаштараздар (жазылу бойынша);
  • медицина орталықтары (жазылу бойынша);
  • стоматология клиникалары (жазылу бойынша);
  • жылжымайтын мүлік операцияларын жасайтын компаниялар, жарнама агенттіктері, адвокаттар, нотариустар;
  • шағын қаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, ломбардтар, айырбастау пункттері;
  • ақпарат-коммуникация технологиялары компаниялары.
  1. 4 мамырдан бастап далада спортпен шұғылданып, жаттығу жасауға рұқсат етіледі. 
  2. 4 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Қызылордаға, Петропавлға, Өскеменге және Семейге әуе қатынастары жанданады. Рейстерде санитария талабы нормаларын күшейтіледі, салонға аз жолаушы алынады және олар бір-бірінен алшақ отырғызылады.

Өңір әкімдіктеріне тиісті шараларды қолға алып, жұмысқа кірісетін нысандарда санитария-эпидемиология қауіпсіздігін қатаң бақылау тапсырылды.

Отырысқа қатысушылар төтенше жағдай кезінде ірі инвестиция жобаларын іске асыру, сыртқы сауда операцияларын жүргізу сияқты мәселелерді де талқылады.