Осы жылдың алғашқы 3 айында елімізде жұмыртқа былтырғы тоқсанға қарағанда 6,9% аз өндірілген.
Қазақстанның құс фабрикалары жылдың басынан сәуірге дейін 1 миллиард 192 миллион 700 мың дана жұмыртқа өндірген. Бұл жөнінен үздік үштікке Алматы облысы (243,9 миллион дана), Ақмола облысы (203,9 миллион дана) және Қарағанды облысы (154,5 миллион дана) кіреді.
Өндіріс елдің 17 өңірінің 11-інде бірдей құлдырап отыр.
2020 жылдың алғашқы 2 айында Қазақстан компаниялары ішкі нарық сұранысының 97,4%-ін өтеді, бірақ экспортты 57,5% азайтты.
Өндірістің азаюы да бағаға әсер етпек. Биыл наурызда 10 жұмыртқаның орташа бағасы 298,15 теңге болды. Өнім бір жылда 10,7% қымбаттап отыр.
Жұмыртқа Алматыда (10 данасы — 367 теңге), Нұр-Сұлтанда (348 теңге) және Ақтауда (345 теңге) қымбат.
Еліміздің әр өңірінде жұмыртқаның бөлшек саудадағы бағасы қанша екенін мына картадан көруге болады:
Сарапшылар елде карантин режимі біткен соң жұмыртқа одан әрі қымбаттайды деп отыр.
Былтыр еліміздегі жұмыртқа өндіретін 37 фабрикаға мемлекет қазынасынан 11 миллиард теңге, яғни әр жұмыртқаға 3 теңгеден берілді. 2019 жылдың соңында мемлекет жұмыртқа өндіруді субсидиялауды тоқтатты. Бұдан соң құс жемі қымбаттады. Жұмыртқа өндірушілер бұл жағдайдан шығудың бағаны өсіруден басқа амалын таппай отыр.