Басты бетЖаңалықтарҮкімет азық-түлікті...

Үкімет азық-түлікті қымбаттатпаудың амалын тапты

Премьер-министрдің мәліметінше, Қазақстанда азық-түлік бағасы төтенше жағдай режимі енгізілген алғашқы апталарда-ақ көтерілген.

Нарықта, әсіресе өліара кезеңде азық-түліктің, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы өсетіні белгілі. Статистика бойынша 17 наурыздан 7 сәуірге дейінгі аралықта әлеуметтік маңызы бар өнім бағасы 4,2% өскен. Теріс ниетті саудагерлер төтенше жағдай кезінде пайда көріп қалуға тырысып жатыр. Сондықтан мемлекетке шекті бағаны енгізуге тура келді, — деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің айтуынша, мұндай жайт халықты азық-түлікпен қамтудың қазіргі жүйесі тиімсіз екенін көрсетіп отыр.

Соған байланысты біз азық-түлік тапшылығын болдырмау мен бағаны бақылаудың жаңа деңгейіне көшеміз. Үкімет ұлттық тауар өткізу желісін — көтерме-тарату орталықтарын құру жөнінде жүйелі шешім шығардық. Менің тапсырмам бойынша Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Еуропаның бірнеше еліне барып, осы мәселе бойынша тәжірибе алмасты, енді соны қолданамыз, — деді Асқар Мамин.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық тауар өткізу жүйесін құру жобасы 2022 жылға дейін үш кезеңмен іске асырылады және 25-ке жуық көтерме-тарату орталығы салынады. Бұл шамамен 4,8 миллион тонна агроөнімді сақтауға, өңдеу мен таратуға мүмкіндік береді. Жасалып жатқан инфрақұрылым жиналған жеміс-көкөніс өнімдерін толық сақтауға және шығынды азайтуға жол ашады. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді өз өндірісін ұлғайтуға ынталандырады. Бүгінгі таңда жеміс-көкөніс қоймаларының тапшылығы — 70%.

Биыл Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында бес көтерме-тарату орталығы іске қосылады, бұл қосымша 600 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сақтауға мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы барлық өңірде дамыған көтерме-тарату орталықтары желісінің болуы өліара кезеңдегі азық-түлік тапшылығы мәселесін шешетінін айтты.

Көтерме-тарату орталықтарын іске қосқанда бірінші кезеңнің өзінде баға белгілеудің ашықтығы мен жаңа тиімді сауда механизмдерінің арқасында біз аграрлық өнім бағасы 25%-ке дейін төмендейді деп болжап отырмыз, — деді Аcқар Мамин.