Маңғыстау облысында коронавирустан әскери қызметші қайтыс болды

Бұл туралы Ақтаудағы қоғамдық коммуникация орталығы облыстың бас санитар дәрігері Ерғали Сыдымановқа сілтеме жасап хабарлады.

Қайтыс болған азамат — Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылының 1980 жылғы тұрғыны, әскери қызметші.

Ол 20 сәуір күні ыстығы көтеріліп, қатты ауырған соң жедел жәрдемге хабарласқан. Жедел жәрдем шақырғанға дейін үйінде бір аптадай ауырғаны анықталды. Бірден стационардағы карантинге жатқызылып, зертхана сынамасы алынды. Сөйтіп COVID-19 вирусын анықтайтын тест жасатады. Алғашқы тест нәтижесі теріс болды. Екінші рет тест нәтижесі оң болып, ПТР диагностика зерттеуі бойынша «коронавирус инфекциясы» диагнозы нақтыланды, — деді Ерғали Сыдыманов.

Әскери қызметші Ақтауда дезинфекциялау жұмысына қатысқан. Марқұмның артында әйелі мен бес баласы қалды. Қазіргі кезде оның отбасы мен әскери бөлімдегі әріптестері ауруханаға жатқызылды. Ауру ошағы дезинфекцияланып жатыр.

Бұл уақытта Маңғыстау облысында коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 20 болып тұр. Оның төртеуі аурудан айықты. Стационарларда 15 науқас емделіп жатыр. Оның біреуінің жағдайы тұрақты ауыр. Өңірде коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған 683 адам бар, бәрі оқшауланған.

Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандардың саны 25-ке жетті.