Бұрынғы вице-министр Камалжан Надыровқа коронавирус жұқты

Камалжан Надыров 21 сәуірде Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы болып тағайындалған еді. Оның орнына Людмила Бюрабекова вице-министр болды.

Алматыда коронавирус инфекциясы кең тарап, жағдай қиындаған соң қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қазіргі басшысы Тілеухан Шілдебайұлы Әбілдаев отставкаға кету туралы өтініш білдірді. Қаладағы команданы күшейту мақсатында басқарма басшысы лауазымына Камалжан Талғатұлы Надыровты тағайындау жоспарланған еді. Алайда кеше кешкісін Камалжан Надыровқа «коронавирус инфекциясын жұқтырған» деген диагноз қойылды, қазір ол емделу үшін ауруханаға жатты, — деп хабарлады ведомство басшысы.

Елжан Біртанов әріптесінің тез сауығып кетуіне тілек білдіріп, оны қолдайтынын жазды. Осы жағдайға байланысты Алматы әкімінің келісімімен Тілеухан Әбілдаевтың отставкаға кету туралы өтініші тоқтатылды.

Алматыдағы COVID-19-ға қатысты жағдай мемлекет және қала басшылығының ерекше бақылауында. Бүгін таңдағы мәлімет бойынша мұнда барлығы 678 адам инфекция жұқтырғаны анықталды, скрининг нәтижесінде науқастардың жартысына жуығы медицина қызметкерлері екені белгілі болды. Орталық қалалық клиникалық ауруханадағы індеттің ошағы оқшауландырылды, барлық пациент, «коронавирус инфекциясы» диагнозы расталған қызметкерлер қаладағы стационарларға орналастырылды және емделіп жатыр. Аталған аурухананың ғимараттары толық дезинфекцияланады, стационар содан кейін ғана науқастарды қабылдауға кіріседі, — деп хабарлады Елжан Біртанов.