Жұлдызай Әбдиева, бастауыш мектеп мұғалімі:
Бастауыш класта жыныстық қатынас туралы теориялық білім берген дұрыс емес деп есептеймін. Мұндай тақырыпты айту үшін баланың жасын ескергеніміз дұрыс. 1-4-класс оқушылары небәрі 7-10 жаста. Бастауышта кейбір бала тым тұйық болып, дұрыс сөйлей де алмайды. Бұл тақырыпты бастауышта оқытсақ, оның жынысқұмар болып қалыптасуына ықпал етуіміз мүмкін.
Бұрын мектепте әдеп деген пән болатын. Оқушылар сол сабақта адамның жүріс-тұрысынан бастап көп нәрсені үйренетін. Кейін оның орнына валеология сабағы қосылды. Онда гигиена, дұрыс тамақтану, таза киіну туралы айтылды. Балаға бастауыш мектептен бастап жыныстық қатынасты емес, әдепті, валеологияны, жеке гигиенаны неге оқытпасқа? Мұғалімдер оқыту теориясын қолданғанда жеңілден күрделіге қарай жүреді. Бастауышта әдепті, жеке бас гигиенасын әбден оқытып, орта буынға барғанда оны күрделендіріп, жоғары класта ғана осы жыныстық тәрбиені кеңінен оқытсақ деймін. Бастауыш класта «жыныстық қатынас деген не?» деп сұрасақ, баланың реакциясы қандай болады? Бұл тақырыпты бастауышта оқытуды мен ғана емес, менің бірнеше әріптесім де қолдамайды.
Кішкентай бала дәретханаға баруды білмейтін кезде бұтына жіберіп қояды. Сол кезден бастап ата-ана оның шалбарын рұқсат сұрап шешсе, балада ол интим нәрсе екені туралы түсінік қалыптасады. Сонымен қатар кішкентай баласының бетінен емес, ернінен сүйетін ата-ана бар. Бұған үйренген бала өз ернінен бөгде адам сүйсе де, қарсы болмайды. Кез келген адамның алдында киімді ауыстырмау, түймені ағытпау деген нәрсені кішкентайынан үйрету керек. Жеңілден күрделіге қарай өту процесі осылай жүреді. Бастауыш мектептегі балаға бірден жыныстық қатынасты түсіндірсек, ол тек сол нәрсені ойлап кетуі мүмкін. Сондықтан бұл тақырып жоғары класта ғана айтылғаны жеткілікті деп есептеймін.
Аида Тұрғазы, психолог:
Бала 2-3 жаста қыз бен ұлдың айырмашылығы бар екенін біле бастайды. Кейбіреуінде 5-6 жаста-ақ алғашқы оргазм болады. Сол кезде дүниеге өзінің қалай келгенін сұрайды. Өзінің жыныс мүшесі қыздардікінен (немесе ұлдардікінен) басқаша екенін көреді. Ересектер баланың «Неге ол ондай, неге бөлек дәретханаға барамыз?» деген сұрақтарынан қашпауы керек. Жыныстық қатынас туралы айту керек, тек оны жасына лайықтап түсіндірген маңызды. Бала ғой деп өтірік айтпай, өзіне түсінікті тілде жеткізу керек.
Мұндай тақырып бірінші үйде айтылғаны дұрыс. Мектеп бағдарламасына қосатын болса, баланың жасын ескеріп, арнайы тәсілдер қарастырылатын шығар. Себебі бала психологиялық соққы алмауы керек. Ең бастысы нені, қай нәрседен сақтандыру үшін айтасыз — осыны анықтап алыңыз. Психология «Саған ешкім тиіспеуі үшін…» деген нәрсені анасы балаға оны киіндіріп жатқанда айтуы керек деп есептейді. Анасы баланың ішкиімін көрсетіп, «мұны менен басқа ешкім шешпеуі керек. Біреу тиіссе, маған айт. Себебі бұл — жеке нәрсе» деп түсіндіруге тиіс. Ал мектеп оқушысына мұндай сөз жарамайды. Сондықтан педагогтар оның арнайы тәсілін қарастыруы керек. Тек жыныстық қатынастың қандай екені тым ашық айтылмағаны дұрыс.
Баланың өзі сұрағанынан артық түсіндіру қажет емес. Кейде ата-ана өзі білетін нәрсенің бәрін қалай айтарын білмей, артық кетіп жатады. Мамандар оқушыларды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін жыныстық сауат керек десе, бұл тақырыпты балаға сауатты түсіндіру мәселесіне көңіл бөлген жөн.
Динара Құлжабаева, гинеколог:
Жыныстық тәрбие туралы бастауыш мектептен бастап айтуды құптамаймын. Қазір гинекологтар 5-класс оқушыларына етеккір туралы айтады. Ал бастауыш класс оқушылары жыныстық қатынас туралы білуге дайын емес. Мұның бәрі мектепте емес, үйде басталуы керек. Ата-ана баласының мұндай тақырыпта сөйлесуге дайын екенін байқап, өзі түсіндіруіне болады. Кейбір ата-ана кішкентай баласын қасына алып жатады. Бұл дұрыс емес. Бала 5 жастан бастап басқа бөлмеде бөлек ұйықтауы қажет. Теледидардан анайы картиналар беріліп жатса, бала оны көрмегені дұрыс.
Қыздарға етеккір келетін уақытта менструацияның, жыныстық зорлықтың не екені айтылады. Меніңше, осының өзі орта буын оқушыларына жеткілікті. Байқауымша, қазақ мектебіне қарағанда орыс мектебінің оқушылары бәрін білгісі келіп тұрады. Демек, олар кейбір нәрседен хабардар. Ал қазақ мектептерінің оқушылары мұндай тақырыпта ештеңе сұрамайды.
Дастан Аққожа, профеминист:
Бізге мектепте мұндай тақырыпты қыздар мен ұлдарға бөлек түсіндіретін. Соның ақыры ер мен әйелдің ағзасы, өзгерістері туралы айту тым интим тақырып ретінде қабылданатын. Ер адамдардың етеккір, баланың пайда болуы туралы әңгіме айтуы табу сияқты есептелетін. Осының салдарынан адамға ортақ нәрселерді ер мен әйелдің әрқайсының жеке проблемасы деп қарау қалыптасқан.
Жақында Лондондағы «Жаратылыстану және ғылым» музейінде болдым. Онда баланың пайда болуына, дамуына байланысты бөлім бар. «Ұрық деген не, бала қайдан пайда болады?» деген сияқты барлық сұраққа жауап табылады, тіпті келушілер құрсақтағы 7 айлық баланың жүрек соғысына дейін тыңдайды. Кішкентай балалар ата-анасынан сұрамай-ақ, сол жерден бәрін көріп, түсініп алады. Байқағаным — бұл музейге мектеп оқушылары көп келеді. Ата-аналар да баласын арнайы ертіп апарады. Осының арқасында олар баласымен тең, еркін әңгімелесе алады. Бала болса, мұндай тақырыптан ұялудың қажеті жоқ екенін түсінеді. Музей жыныстық қатынасты позитивпен түсіндіреді. Бастауыш мектепте жыныстық қатынас туралы оқыту дұрыс немесе бұрыс деп айту қиын. Бала бастауыш кластан осы тақырыпты дұрыс түсінсе, есейгенде жасырып, жоққа шығарып жүрмейтін шығар. Сондықтан баланың жыныстық сауатын мектепте ашса, нәтижесі жақсы болады деп ойлаймын.