Қызылорда театры қойылымдарды онлайн көрсетіп жатыр

16-26 наурыз аралығында театр ұжымы жаңа қойылымдарға онлайн оқылым жасады. 26 наурыздан бастап театрдың бейнеқорындағы спектакльдер YouTube-тегі каналынан көрсетіле бастады.

Осы уақыт аралығында театр ұжымы әлеуметтік желіде 18 рет тікелей эфир арқылы онлайн сұхбат жүргізді. Мұнда театрымыздың барлық шығармашылық ұжымы қамтылған, — дейді театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, театртанушы Ұлбосын Қылышбаева.

Бұған қоса, онлайн қызмет кезінде «Өнер әлемі», «Онлайн спектакль», «Онлайн театр», «Онлайн ертегі», «Поэзия сағаты», «Тарихи сәт» сияқты жаңа жобалар жүзеге асты. Театр артистері «Өнер әлемі» айдарында әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, көрермендермен тілдесіп, олардың кез келген тақырыптағы сауалдарына жауап береді. Алғаш болып тікелей эфирде көрермен қауыммен жүздескен — театрдың жас артисі, «Үкілі үміт» номинациясының иегері Санат Жүзбай.

«Өнер әлемі» айдарында театр ұжымы тікелей эфирге шығып, шығармашылық өмірі жайлы айтып қана қоймай, барлық сұраққа жауап береді. «Өнерлі отбасы» деп те аталатын айдарымыз бар. Театрымыздағы өнерлі жұптар да дәл солай тікелей эфирге шығып, өздерінің өмірі, шығармашылық жетістіктері туралы сауалдарға жауап беріп отырады. Театр артистерінің қатысуымен сахналанған спектакльдер YouTube желісінде жарияланған. Біз күнделікті кешкі сағат 7-де жоспар бойынша бір айға репертуар жасап қойдық. Сол бойынша спектакльдер YouTube каналға салынып отыр. Ал «Тарихи сәт» айдарында әр спектакльдің тарихи ерекшелігі, жетістігі, актерлары туралы айтылады, — дейді Ұлбосын Қылышбаева.