Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі төтенше жағдай режимі кезінде кәсіпкерлер қалада азық-түлік тапшылығын болдырмауға үлес қосып отыр, дегенмен олардың арасында өнім бағасын көтеретіні болады.
Төтенше жағдай кезінде біз жасыл дәліздің үздіксіз жұмыс істеуіне, азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруға, бизнесті қолдау шараларын әзірлеуге ден қойып отырмыз. Мұның бәрі кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Біз тұрақты түрде рейд өткізіп, бақылаймыз, — деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы департаменті басшысының бірінші орынбасары Данияр Таумұрат.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қала тұрғындарының азық-түлік тауарларының негізгі түрлерін тұтыну көлемін ескере отырып, тұрақтандыру қорын толықтыру үшін жергілікті бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінді, қалада азық-түліктің 17 түрінің бағасын 3 ай бойы өсірмеу үшін Қазақстанның тауар өндірушілерімен келісімге қол қойылды.
Алматы әкімдігі мен қаланың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі кәсіпкерлерді халық үшін ең қажет тауарлар бағасын көтермеуге үндеп отыр.