МиГ-31 апатына қандай жағдайлар себеп болуы мүмкін?

Оның айтуынша, ұшақ 1991 жылы Ресейдегі «Сокол» авиация зауытынан шыққан. Техника ұшуға 30 жыл пайдаланылуы керек болған.

Мерзімі келесі жылы бітуге тиіс. 2013 жылдың қарашасында ұшақ Ресейдің авиация зауытында күрделі жөндеуден өтті. Жөндеуден соң оның қызмет ету мерзімі 8 жыл деп белгіленді, — деді Нұрлан Орманбетов.

Бас қолбасшы ұшақ ескі деп есептелмейтінін және авиация бөлімдерінде әуе апатын болдырмау үшін шаралар кешені іске асырылып отыратынын айтты.

Авиация техникасын жарамды ету мен олардың істен шығу қаупін азайту жөнінде қолдан келетін барлық жұмыс орындалады. Ұшқыштар құрамы жерде әуедегі штаттан тыс түрлі жағдай мен апат кезінде дұрыс әрекет ету жөнінде теория және практика жаттығуларын жасайды. Сонымен бірге жыл сайын ұшу қауіпсіздігі бойынша конференция өтіп, онда авиация персоналы мен техника паркін дайындаудан бастап қауіпсіздікке қатысты барлық бағытта өзекті проблемалар талқыланады, — деді Нұрлан Орманбетов.

Әуе қорғанысы күштерінің басшысы қазір оқиға себебін арнайы комиссия анықтап жатқанын айтты, әзірше бірнеше болжам ғана бар. Оның бірі — авиация техникасының істен шығуы.

Сыртқы факторлардың әсері мен адам факторы да қарастырылып отыр. Бұл ұшақтың экипажы ұшу нұсқаулығы шеңберінде дұрыс әрекет еткенін айта кету керек. Олар авиация техникасын сақтап, ұшуды сәтті аяқтау үшін барынша күрескен. Авиация техникасының істен шығуынан осындай апат болуы мүмкін. Бұқаралық ақпарат құралдарынан комиссияның ресми қорытындысын күтуді өтінеміз, — деді бас қолбасшы.

МиГ-31 жойғыш ұшағы 16 сәуірде Қарағанды аэродромы маңында апатқа ұшырады. Екі әскери ұшқыштың жауынгерлік кезекшілік атқаруға дайындығы кезінде ұшақ двигателінің бір бөлігінен от шыққан. Ұшқыштар техниканы елді мекеннен тыс жерге алып шығып, катапультамен секіріп кетті. Абырой болып, аман қалды, екеуін санавиация Қарағандыдағы ауруханаға жеткізді. Оқиғаны арнайы комиссия тексеріп жатыр.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, апатқа ұшыраған подполковниктер Арман Құрманғалиев пен Иван Гаврилко — тәжірибелі ұшқыштар. Қазақстанда МиГ-31 ұшағы осымен төртінші рет апатқа ұшырап отыр. Бұған дейінгі әуе апаттары 2007, 2008, 2013 жылдары болды.