Қарағанды маңында әскери ұшақ апатқа ұшырады

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 16 сәуірде Қарағанды аэродромының оңтүстігіне жақын маңда болды.

Жойғыш ұшақ аспанға көтерілгеннен кейін двигательдерінің бірінен от шыққан. Катапультамен секіруге бұйрық берілгеннен кейін әскери ұшқыштар ұшақты елді мекеннен алыс жазыққа бағыттап, халыққа қауіп төнбейтініне көз жеткізген соң секіріп кеткен. Ұшқыштар аман, — деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев «Хабар 24» телеарнасына апат орнынан екі әскери қызметші санавиациямен ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Ұшқыштардың бірінің жағдайы жақсы, біреуі орташа ауыр деңгейде жарақат алған.

Қорғаныс министрінің бұйрығымен әуе апатын тергеу жөніндегі комиссия құрылды. Оқиға орнына ҚР Әскери-әуе күштерінің іздестіру-құтқару қызметінің жасағы барды.