Коронавирус бір ауруханадағы 182 дәрігер мен 18 пациентке жұқты

Бұл туралы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев айтты.

Коронавирус инфекциясы бар медицина жұмысшыларының жалпы саны 218 адам болды, оның 182-сі — орталық қалалық клиникалық аурухананың, 30-ы — балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының, екеуі — жедел жәрдем станциясының, біреуі — № 1 қалалық клиникалық аурухананың қызметкері және № 11, 32 және 12 қалалық емханалардан бір-бір қызметкерден бар, — деді Тілеухан Әбілдаев.

Оның мәліметінше, коронавирус Алматы орталық қалалық клиникалық ауруханасы пациенттері арасында да тарай бастады.

Орталық қалалық клиникалық ауруханада емделіп жатқан барлық пациенттен — 215 адамнан анализ алынды. 18 пациенттен коронавирус инфекциясы анықталды, — деді ол.

Алматыда коронавирус жұқтырған барлығы 370 адам анықталғаны белгілі. Оның алтауы — бала, үшеуі — жүкті әйел. Қала стационарларында қазір 311 науқас жатыр, 58-і ауруханадан шықты. Аурудан айыққандардың арасында екі бала бар.

Екі адам қайтыс болды.