Алматы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, таңға дейін Алатау, Бостандық, Жетісу аудандарында бес жағдай тіркелді.
Арық желісі тұрмыс қалдығына толып қалғандықтан көшелер мен тұрғын үй аулаларын су басты. Қала тұрғындарының телефон соғуына қарай барлық мекенжайға аудандық әкімдіктер мен төтенше жағдайлар бөлімдерінің қызметкерлері су соратын техникамен, мамандармен барды, — деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Фото: Алматы ТЖД баспасөз қызметі
Жұмысшылар қаладағы Аралқұм, Күдерин, Зубарев, Мыңбаев, Ер Жәнібек, Мұқанов көшелерінің суын сорып, ағын су жолына құм толы қап төседі.
Су тасқынына арналған күш-құралымыз толық дайын, қажет материалымыз жеткілікті. Жағдай бақылауда, — деп хабарлады төтенше жағдайлар қызметкерлері.
Сағат 07.00-дегі мәлімет бойынша Алматыда бір тәулікте 36 миллиметр жауын-шашын түскен. Айлық норма — 105 миллиметр.