«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, қазіргі кезде Алматы облысы  бойынша 100-ге жуық қызметкер «1414» телефоны арқылы қызмет көрсетсе, оның тең жартысы үйде отырып,  ұялы телефонмен кеңес береді. Сонымен қатар 20-дан астам қызметкер видеоидентификациялау бойынша қызмет көрсетеді.

1414 қызметкері
Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Талдықорғандағы халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары — Индира Құдайбергенова мен оның туған бауыры Данияр Құдайбергенов. Олардың екеуі де «1414» сall-орталығында консультант ретінде азаматтарға кеңес береді. Мамандар әр күні жұмыстың қарбаластығынан уақыттың қалай өткенін сезбей қалатынын айтады. Ал Еңбекші ауданындағы халыққа қызмет көрсету бөлімінің маманы Әлия Көкінбаева күніне кемінде 250-ге жуық қоңырауға жауап беретінін айтты.

Әр қоңырауға мемлекеттік қызмет түрлері бойынша қолымыздан келгенше жедел  ақпарат беріп, сұраныстарын қанағаттандыруға тырысамыз, – дейді Әлия Көкінбаева.

Талғар ауданыңың Халыққа қызмет көрсету бөлімінің қызметкері  Әлия  Оскар «1414» байланыс орталығына таңнан кешке дейін келетін қоңырауларға  үйден жауап беріп отыр. Әлия  барлығына бір мезетте үлгеріп, халыққа да, отбасына да көңіл бөліп келе жатқанын айтты.

1414 қызметкері
Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Талдықорғанның Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімінің маманы, үш баланың анасы Дилара Ахметова да күніне 100-ден астам  қоңырауға жауап  береді.

Жұмыспен қатар үйдегі екі оқушы балама да көңіл бөлемін. Мұның бәрі — уақытша құбылыс. Елдегі төтенше жағдай кезінде  бұл сынақтан да  сүрінбей өтуге күш салып жатырмыз, – дейді ол.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ құрған Call-орталықтарда «1414» бірыңғай байланыс орталығының жұмысын күшейту үшін 2300-ден астам  ХҚКО қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде 600-ге жуығы үйден ұялы телефон арқылы кеңес береді, 769 қызметкер видеоидентификациялау бойынша қызмет көрсетеді.