Ақниет Оспанбай, журналист, АҚШ-та тіл үйренуші:
Сан-Диегода едім. Коронавирус дүниежүзіне тарай бастаған соң елге қайту керек деп шештім. Қазақстан консулдығы да шетелдегі өз азаматтарын қайтаруға кірісе бастады. Олар WhatsApp-тан чат ашып, Нью-Йоркке жету керек екенімізді айтты. Аяқ астынан Нью-Йоркке билет алып, 23 наурызда жолға шығып кеттік. Нью-Йоркте бізді консулдық қызметкерлері күтіп алып, бәрімізге маска таратты. Әуежайда рейске тіркелудің бір терезесін тек Қазақстан азаматтарына қызмет көрсететін етіп қойды. Елге Ресей арқылы баруымыз керек. Мәскеуге тек транзитпен бара жатқанымызды дәлелдеу керек болды. Бұл жағын консулдық шешіп берді. Әйтпесе, бортқа кіргізбес еді. Мәскеуде де консулдық қызметкерлері бізді сумен, тамақпен күтіп алды, тіпті балаларға арналған тамақ та болды. Құжаттарымызды жинап, кеден тексеруінен жеке өткізді. «Билетімді Алматыға ауыстырсам, ұшып кете аламын ба?» деп сұрадым. Себебі Алматы қабылдамайды деп билет Нұр-Сұлтанға алынған еді. Жанымдағы бір қыз да Алматыға баруы керек екен. Елшілер Шымкентке билет алуға кеңес берді. Сөйтсе, әлгі қыз «Шымкентте не істеймін?» деді. Консулдықтағылар «Сіздерді елге жеткізуге тырысып жатырмыз, ал сіздер қала таңдайсыздар» деп ренжіді. Әрине, олардікі жөн. Алматыға жол ашық екен, бірақ билет ауыстыруға үлгермей қалдық. Сөйтіп бізді арнайы автобуспен Внуково әуежайына алып келді. Мұнда SCAT әуе компаниясының ұшағы күтіп тұрды. Бұл компанияның Внуководан Нұр-Сұлтанға ұшатын соңғы рейсі екен. Консулдық қызметкерлері біз гейтке түгел кіріп кеткенше қадағалап тұрды.
Әйтеуір елге жеттік, Нұр-Сұлтанға қондық. Ұшақтан түсіп, бақылаудан өте сала бәрімізді автобусқа отырғызып, қонақүйге апарды. Жүгімізді өздері шығарып, дезинфекциялады. Қонақүйде температурамызды өлшеді, мұрын мен ауыздан анализ алды. Анализ қорытындысы ертеңіне кешке шықты. Ұшып келген ешқайсымыздан вирус табылған жоқ. Сол уақыт аралығында өздері бөлмемізге тамақ әкеліп тұрды.
Басқа қалаға баратындарды Қарағандының вокзалына арнайы автобуспен апарып тастайтын болды. Тек ол автобусқа мінерде де, түсерде де 2-3 сағат күттік. Бірақ мынадай жағдайда кімді кінәлайсың?! Қолымызға бір күн карантинде болып, коронавирусты анықтайтын тест жасатқанымызды, вирус жұқтырмағанымызды растайтын анықтама берді. Қарағандыдағы екі блокпостан карантинде жатқанымызды растайтын анықтамамен өтетінімізді айтқан. Ондағылар біздің арнайы дәлізбен келе жатқанымыздан хабарсыз болып шықты, бірақ қалаға кіргізді. Не керек, вокзалға жеткен соң такси жалдап, Алматыға, Өскеменге, Павлодарға тарадық.
Алматыда «Алтын орда» базары жағындағы блокпостқа келіп тұрмын. Әлгі анықтамамды берсем, біркүндік карантиніме сенбей тұр. Қалада тіркелгенімді растайтын анықтамамды көрсеткен соң бірден өткізіп жіберді. Сонда оларға менің шетелден келіп, карантинде жатқаным емес, қалада тіркелгенім маңызды болып тұр.
Америкада елге қайта алмай қаламын-ау деп қорықпадым. Қазақстан консулдығы үйге қалай да жеткізетініне сендім. Алматыға келген соң 14 күн үйде карантинде жаттым. Айтпақшы, бүгін, 9 сәуірде карантиндегі күнім бітті. Соған қуанып отырмын.
Нұрлан Төлегенов, Қытайдағы Wuhan University студенті:
2019 жылы 28 желтоқсанда Жаңа жылды отбасыммен тойлау үшін Қытайдан Қазақстанға ұшып келдім. Ол кезде Уханьнан коронавирус туралы жаңалық естіле қоймаған еді. Біз де естімегенбіз. Елде жүріп, Instagram-нан Уханьнан вирус шыққанын оқыдым. Сол күйі елде қалып қойдым. Оқуымыз онлайнға көшті. Наурыздың ортасында достарыммен Германияға ұшып кеттік. Еуропаны көрсек деп едік. Ол кезде Еуропада індет тек екі-үш елде ғана тараған, сондықтан ештеңеден қауіптенбедік. Барсақ, елдердің шекарасы жабылған. Берлиндегі 2-3 күннен соң індет Еуропаға жылдам тарады. Бізге Қазақстанға тезірек қайту керек болды.
Берлин — Мәскеу — Алматы бағыты бойынша елге қайттық. Ресей астанасында температурамызды өлшеді. Қазақстанға келсек, Германия коронавирус тараған «1А» санатындағы мемлекеттер қатарына кіріпті. Бізді Алматыда карантинге жатқызды.
Қалалық наркологиялық медициналық-әлеуметтік түзету орталығы ғимаратында 22 наурыз бен 5 сәуір аралығында карантинде жаттық. Медицина қызметкерлері өте сыпайы екен. Үш мезгіл беретін тамағы да дәмді. Адам болған соң «карантинде жатып, жұқтырып алмас па екенбіз?» деген қорқыныш болды. Ата-анамыз да уайымдады. Аллаға шүкір, біз жатқан лекте бәрі вирустан таза боп шықты.
Кеше, 8 сәуірде Ухань ашылды. Жергілікті Қытай азаматтарына оқу басталайын деп жатыр, біз оқуымызды баяғыдай онлайн жалғастырамыз. Қытайға қашан қайтатынымыз әзірше белгісіз. Қыркүйекте баруымыз да мүмкін.
Жадыра Түсіпханқызы, Түркиядағы Нежметтин Ербакан атындағы университеттің студенті:
Басында елге қайтуды ойламадым. Сабағымды жалғастырып, тек жазғы каникулда қайтпақшы болдым. Дегенмен Түркияда коронавирусқа қатысты ахуал қиындай түсті. Бізді жатақханадан мүлдем шығармады, тіпті дүкенге де бара алмадық. Өздері екі мезгіл тамақ беретін. Оның үстіне, ата-анам қатты уайымдап, вирус тарала бастағаннан-ақ «елге қайт» деумен болды. Сабақтар толық онлайнға көшкенде Түркияда мені ештеңе ұстап тұрмағанын түсініп, бір күнде елге билет алдым.
Коронавирус инфекциясының таралуы пандемия деп жарияланғаннан кейін Түркиядағы Қазақстан елшілігі WhatsApp-та, Telegram-да чат ашып, бізден хабар алып отырды. Елге қайтатын рейстер туралы мәлімет жолдады. Ол кезде біраз рейс тоқтай бастаған еді. Соңында Түркия Қазақстанға ұшатын рейстің бәрін тоқтатып тастады. Түркия елшілігіне чартер рейс ұйымдастыруға өтініш білдірдік. Ол кезде билет адам сенгісіз қымбаттап кетіп еді. Чартер рейстер билеті 200 мың теңге тұрса, оның 80 мың теңгесін өзіміз төледік. Қазақстан елшілігі демеуші тауып, билеттің қалған құнын бір холдинг төлеп берді.
Әрқайсымыз әртүрлі қаладамыз. Бәріміз Ыстамбұлға жиналуымыз керек. Қалалардан шығуға шектеу қойылған. Біздің елшілік бәріміз үшін рұқсат алып, арнайы автобустармен Ыстамбұлға тегін жеткізді. Әуежайда бізге тамақ таратып, қолымызда маска, антисептик, медицина қолғабы болуын қадағалады. Сөйтіп Қазақстанның 125 азаматы елге ұштық.
4 сәуірде ұшағымыз Павлодарға қонды. Басында мұндағы халық бізді «вирус тасушылар» деп жақтырмай қалар деп қорықтық. Олай болмады. Бізді полиция мен арнайы костюм киген медицина қызметкерлері күтіп алды. Заттарымыздың бәрін дезинфекциялауға алып қалды да, өзімізді автобустарға бөліп, қаланың сыртымен бір ауруханаға алып келді. Коронавирусты анықтайтын тест жасаттық. Құдай жарылқап, ешқайсымыздан инфекция анықталмады.
Қазір сол ауруханада бір бөлмеде екі адамнан 14 күн карантинде жатырмыз. Бөлмеден шықпаймыз. Күніне үш мезгіл ыстық тамақ әкеп береді. Медицина қызметкерлері күніне екі-үш рет келіп, жағдайымызды, тамақ ішіп болған соң «тамақ ұнады ма?» деп сұрайды. Өз балаларындай қарап жатқанына рақмет. Кетер кезде тағы да анализ тапсырамыз. Бәрі ойдағыдай болса, арнайы автобустармен әрқайсымызды туған жерімізге жеткізеді. Шынымды айтсам, Қазақстан үшін маңызды екенімді, елге керек екенімді сезіндім, еліміздің қамқорлығына риза болдым.
(Иллюстрация: Dribbble.com/©Igor_Eezo)