Министр: Төтенше жағдайда халықтан пайда көруге жол бермейміз

Оның айтуынша, қазір Үкіметтің басты міндеті — азаматтардың өмірін азық-түлікпен және ең негізгі әлеуметтік тауарлармен қамтамасыз ету.

Президенттің үндеуінде осы бір қиын мезгілде азық-түлік қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілетіні айтылды. Ажиотажға беріліп, азықты артығымен сатып алудың қажеті жоқ. Барлық нысан толық режиммен жұмыс істеп жатыр. Ірі нысандар бойынша шектеу бар, ол азаматтардың қауіпсіздігі үшін қойылды, — деді министр Үкіметте өткен онлайн баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, төтенше жағдай режимі кезінде өңір әкімдіктері бәсекелестікті қорғау мен дамыту жөніндегі және тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі органдармен бірге кәсіпкерлердің азық-түлік бағасын қолдан шарықтатпауын қадағалайды.

Кәсіпкерлерге айтарым, бағаны негізсіз өсірген дүкендерде баға өткен аптадағы деңгейіне қайта келуі керек. Болмаса, барлық қажет инструментті қолданамыз. Үкіметке шекті баға енгізу мүмкіндігі берілгені белгілі. Әрине, бұл — нарықтан тыс, мәжбүрлі шара, бірақ нәтиже беретін инструмент. Кәсіпкерлер төтенше жағдай режимі кезінде халықты азық-түлікпен қамтып, әлеуметтік жауапкершілікті түсінуі үшін қолға алмақпыз. Мұндай жағдайда азаматтардың есебінен пайда тауып қалуға жол бермейміз, — деді Бақыт Сұлтанов.

Бұған дейін Үкімет отырысында төтенше жағдай кезеңінде кәсіпкерлерге салық пен қарыз бойынша жеңілдік жасалатыны айтылған еді.

Еске салайық, 16 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойып, Үкіметке шекті тарифтерді және азық-түлік пен басқа да тауарлар бағасын белгілеу, Қазақстан халқы мен экономикасының үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге қажет тауар әкелу мен әкету тәртібін айқындау құқығын берді.