Болжам бойынша сәуір айында ауа температурасы республиканың шығысында нормадан 1 градус жоғары, батыста норма шамасында болады. Мамыр айында ауа температурасы, керісінше, оңтүстік-батыста нормадан 1 градус жоғары, солтүстік-шығыста норма шамасында, Павлодар облысының шығысында және Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде нормадан 1 градус төмен болады.

Жаздың басында Қазақстанның батысы мен шығысында температура климат нормасы шамасында, елдің басқа аумағында нормадан 1 градус жоғары болады. Маусым айында солтүстік-шығыста және оңтүстік-шығыстың кей жерінде жауын-шашын норма шамасында, басқа өңірлерде нормадан төмен түседі. Жаздың басым бөлігінде ыстық болмайды, жаңбыр жауады. Шілдеде ауа температурасы елдің барлық аумағында норма шамасында болады, тамызда температура батыс пен солтүстік-батыстың кей жерінде нормадан 1 градус жоғары, басқа аумақта норма шамасында болады.

2020 жылдың күзі еліміздің көп бөлігінде жылы болады, қыркүйекте Қазақстанның көп бөлігінде жауын-шашын нормадан аз түседі, еліміздің солтүстігінде, батысында, шығысында және оңтүстік-шығысында жауын-шашын мөлшері норма шамасында болады, қазан айында солтүстік-батыста жауын-шашын нормадан көп түссе, оңтүстік-шығыста норма шамасында болады, республиканың солтүстік, орталық, оңтүстік-батыс өңірлерінің көп бөлігінде, оңтүстік пен солтүстік-батыстың кей жерінде нормадан аз түседі.

Ескерту: жыл маусымына болжам жасалған кезде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері климат нормасынан ауытқиды, мұндай болжам 60-65% қана дәл келеді. Сол себепті синоптиктер оны ай, онкүндік, апта, тәулік сайын нақтылап отырады.