Polisia.kz-тің хабарлауынша, Кентау қалалық полиция бөліміне әлдекімдер әлеуметтік желілерде «Қарнақ ауылында коронавирус жұқтырған адам тіркелді» деген жалған ақпарат таратып жатқаны туралы хабар келіп түскен. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестріне тіркелді.
Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан белгісіз адамды анықтау үшін полиция бөлімінде жедел тергеу тобы құрылды. Жедел іздестіру шарасы барысында Кентау полицейлері жалған ақпарат таратқан күдіктіні анықтап, ұстады. Ол осы ауылдың тұрғыны — жергілікті мектептің 8-класс оқушысы болып шықты, — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жасөспірім қылмысын толық мойындады және істеген ісіне өкінетінін айтты. Полицейлер баланы ата-анасының қадағалауына беріп, оларға мұндай әрекетті қайталамау керек екенін түсіндірді. Оқушының ата-анасы әкімшілік іс бойынша жауапқа тартылады.
Қазір полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Түркістан облысының полицейлері азаматтар жалған ақпарат таратса, қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертіп отыр, — деп хабарлады Polisia.kz.