Ә дегенде ойға оралатын мысал — ақыл тіс. Маймыл аталар үшін маңызды болған тістің бұл түрі адами белгілер қалыптаса бастағанда өзектілігінен айырылып, ақыры «қуғынға» ұшырап тынды. Бүгін бойымызда бар осындай қалдық органдардың бірсыпырасына шолу жасап көрейік.

Рудимент деген не?

Эволюция барысында негізгі функциясынан айырылған ағза мүшелерін ғылым «рудимент» (латынша rudimentum — «әу бастағы негізгі дүние») деп атайды.

Рудимент органдардың көбі бала іште жатқан кезде-ақ қалыптасып қояды. Ол — бір кездері болашақта адамға айналатын тіршілік иелерінің күнделікті өмірінде үлкен роль атқарған, бірақ мыңдаған жыл бойы жүрген табиғи сұрыптау нәтижесінде мүлдем қажетке жарамай, «бекер орын алатын» мүшеге айналған немесе басқа бір міндетті атқарып кеткен ағза органдары.

Филогенезбен, яғни ағзалардың даму тарихын зерттеумен айналысатын ғалымдар үшін рудименттің пайдасы зор: ол Жер бетінде қазір өмір сүріп жатқан жан-жануардың жойылып кеткен мақұлықтармен туыстық байланысын анықтауға, эволюцияның қалай жүретінін зерттеуге көмектеседі.

Адамның бойында ондаған рудимент бар. Мысал ретінде ер адамдардың сүт безі мен емшек үрпісін, құстар мен рептилияларда бар, көздің мұрын жақ бұрышында орналасқан үшінші қабақты, денеміздегі шаш пен жүнді атауға болады. Солардың бірі…

Құйымшақ

Адамның атасы бір кездері құйрықты жануар болғанын анық көрсететін басты дәлел — осы құйымшақ. Бітісіп кеткен төрт-бес омыртқа сүйегінен тұратын бұл орган бала іште жатқан кезде кәдімгі құйрық сияқты болып тұрады, бірақ кейін тартылып, құйымшаққа айналады.

Сүйірленіп барып біткен, сарымен боялған бес сүйек — құйымшақ. Фото: Сlevelandclinic.org

Адам адам болмай тұрған кездері құйрық ағаш бұтағына ілініп тұруға, жүріп-тұрғанда тепе-теңдік сақтауға немесе бұлғаңдатып сигнал беруге қажет еді. Алайда Homo-ның алғашқы белгілері қалыптасқанда бұл мүше қажет болмай қалды. Бір қызығы, әлі күнге ара-арасында құйрықты нәресте дүниеге келіп жатады. Мұндай жағдайда хирургтар керексіз органды балаға зиян тигізбей алып тастайды.

Әйтсе де, құйымшақты қажетсіз дүние деп атауға болмайды. Ол несеп жолдары сияқты ағзаның бірқатар мүшесін «алып жүреді», денеге түсетін салмақты ұстап тұруға да көмектеседі.

Ақыл тіс

Жартылай адам, жартылай маймыл болған аталарымыздың маңдайы тайқы, миы кішкентай, ал жағы үлкен болғанын жақсы білеміз. Бірақ уақыт өте келе түрлі фактордың әсерінен, мәселен, адамдардың жылы-жұмсақ тағамға, кейінірек тіпті асты былқылдатып отқа пісіріп жеуге өткенінен бассүйектегі орынға деген талас басталды — ми үлкейіп, жақ сүйек, керісінше, қысқара түсті. Нәтижесінде ең шетте орналасқан, аса берік, жатаған, жуан келген, қатты тамақты күтірлете үгітуге арналған ақыл тістерге ауыз қуысында орын жетпей қалды.

Ақыл тіс. Фото: Metrodentalcare.ca

Ақыл тіс көбіне 16 мен 25 жас аралығында шығады. Қылтия бастағанда ауыртып, басқа сау тістердің түбін қопарып, әжептеуір әбігерге салуы мүмкін.

Осы күні ақыл тістің шықпай қалуы жиілеп барады екен. Содан болар, ғалымдар «болашақта адамның бойында мүлдем болмайды» деп атайтын органдардың қатарында ақыл тіс алдыңғы орындарда жүр.

Соқырішек

Қазір дәрігерлер шолтаң еткізіп кесіп алып тастай салатын бұл мүше бір кездері құнарсыз тамақты, жасұныққа бай өсімдікті өңдеп, адамның асқорыту жүйесінде аса маңызды міндетті атқарған-ды (басқа жан-жануарда аппендикс әлі күнге осы функциямен айналысады). Тағы бір теория бойынша соқырішек асқорытуға көмектесетін пайдалы бактериялар көбейетін орын болған.

Соқырішек. Фото 1908 жылы шыққан Surgery. Its Principles and practice кітабынан

Уақыт өте келе адамзат тұтынатын ас түрі көбейе түсті және тым ұзын, тым күрделі ішек жүйесіне деген қажеттілік жоғалды. Ақыры аппендикс асқорытуда керекке жарамай қалды. Бірақ бұл оның мүлдем қажетсіз екенін білдірмейді — соқырішек қазір қорғаныс, сөл бөлу және гормон функцияларын орындайды.

Айтпақшы, қазір дәрігерлер жеңіл операция жасап, салыстырмалы түрде жылдам емдеп жіберетін соқырішек орта ғасырларда талай адамның түбіне жеткен аса қатерлі ауру болған.

Құлақ бұлшықеті

Классика рудименттердің бірі — құлағымыздың бұлшықеті. Адамда ол алдыңғы, жоғарғы, самай және артқы бұлшықет деп бөлінеді.

Құлақтағы бұлшықеттің сызбасы. Фото: Wikimedia.org

Бір кездері бұл қасиет бізге құлағымызды түріп, тың тыңдауға, дыбыс қайдан шыққанын аңдап, қауіптің алдын алуға қажет болған еді. Ғалымдар бағзы заманғы аталарымыз құлағын тіпті 30 градусқа дейін бұра алған дейді. Алайда эволюция барысында біз икемді, оп-оңай бұрылатын мойынға ие болдық та, құлақ бұлшықетін «қызметтен босаттық». Қазір адамға дыбыс шыққан жаққа құлақ түргеннен гөрі мойын бұрып қарай салған жеңіл.

Жалпы, адамның бойында еш пайдасы жоқ, бірақ бір кездері аман қалуда аса маңызды роль атқарған бұлшықет түрі баршылық. Олардың қатарында үлкен алақан бұлшықетін немесе қарынның төмен жағындағы пирамида түріндегі бұлшықетті атауға болады.

Дененің түршігуі

Әлденеден қорықсаңыз, жақсы бір дүниеге сүйсінсеңіз немесе тоңсаңыз, бойыңыз түршігіп, шымырлап, жыбырлап кететіні бар емес пе? Міне, бұл да — рудимент.

Бір кездері приматтардың да, маймылдардың да, олардан тараған адамның да жүні қалың болғаны белгілі. Қандай да бір қауіп болса немесе күн суып кетсе, денеде пилоэрекция атты процесс жүреді, яғни қылшықтар тіктеліп, көтеріледі. Мұның екі бірдей пайдасы болған: қатерлі жағдайда жүнін күдірейткен тіршілік иесі үлкен, қорқынышты көрінуге тырысқан, ал тоңса, жүн мен терінің арасында жылу ұзағырақ сақталған.

Arrector pili (2) атты бұлшықет тартылып, қылшық түбімен (3) және терінің беті — эпидермиспен (1) байланысқа түсіп, денені түршіктіреді. Мұндағы 4 — тері. Gif: Wikimedia.org

Қазір мұндай пиломотор рефлексті тоңу, сүйсіну, толқу, қозу, күйзелу, үрейлену сияқты сезімдер кезінде бастан өткереміз. Жалпы алғанда, пилоэрекцияның бізге еш қажеті жоқ, ол — бар болғаны қалың жүнді аталарымыздан қалған мұра.

Айтпақшы, инелерін жайып жіберіп, айбат шегіп шыға келетін жайраның қасиеті де — пиломотор рефлекс, яғни сіз бен біздің бойымыз түршіккенде де шамамен дәл сондай процесс жүреді.

Қабыланнан қорғанып жатқан жайра. Фото: Glavny.tv

Дарвин бұдырмағы

Кей адамның құлақ жарғағында ішке немесе сыртқа қарай біткен, сәл шығыңықы бұдырлау жер бар. Ол бір адамдарда сүйірленіп, көзге анық көрінеді, енді біреулерде сәл-пәл білінеді. Бұл — Дарвин бұдырмағы.

Сыртқа қарай біткен Дарвин бұдырмағы. Фото: Fabiosa

Дарвин бұдырмағы бір кездері адамның құлағы басқа сүтқоректілердікі сияқты үшкір болғанын білдіреді. Төмендегі суретте маймылдың сүйір құлағы, іштегі баланың құлағы, Дарвин бұдырмағы бар ересек адамның құлағы бейнеленген.

Фото: Maxpark.com

Чарльз Дарвин «Адамның шығу тегі және жыныстық сұрыпталу» атты еңбегінде осы белгіні табиғи сұрыптау мысалы ретінде көрсеткен екен.

Бонус. Адам C витаминін синтездеу қабілетінен қалай айырылды?

С витамині — адамның өміріне аса қажет нутриент. Ол болмаса, өлімге апарып соғуы мүмкін қырқұлақ (цинга) атты ауруға ұшыраймыз. Ал енді мына парадоксқа қараңыз: осындай маңызына қарамастан аскорбин қышқылының бұл изомерін біздің ағза өндірмейді. Мұндай ерекшелік жоғарғы приматтарда (адам, орангутан, горилла һәм шимпанзе), кей балықта, құстардың бірнеше түрінде және теңіз шошқасында ғана бар. Эволюция барысында біз мұндай қасиеттен айырылыппыз. Салдарынан С витаминін тек азық-түліктен (негізінен жеміс-жидек пен көкөністен) ала аламыз.

Қырқұлақ — ең жаман авитаминоздардың бірі. Бұл аурудан айлап жеміс пен көкөніс көрмеген мамандық иелері (мысалы, теңізшілер) жүздеген жыл бойы зардап шегіп келді. С витаминінің жетіспеушілігі қан тамырларының үзілуіне, тістің түсуіне, аяқ-қолдың ауырып, тез сынуына себеп болады. Сондықтан құрамында осы витамин бар азық-түлікті жыл бойы жеудің маңызы зор.

Қырқұлақпен ауырған теңізшілер. Гюстав Доренің иллюстрациясы

Сонда адамның бойындағы С витаминін өндіретін қабілет қайда кетті дейсіз ғой? Бір қарағанда ешқайда кетпеген: біздің жасушалар бұл нутриентті синтездейтін тізбекті түгелдей орындап шыға алады. Тек витамин жасайтын соңғы реакция жоқ. Ол үшін L-гулонолактоноксидаза (GULO) деген фермент керек. Ал бұл ферментті бағдарламалайтын GULO гені адамның бойында бар екеніне қарамастан мыңдаған жыл жүрген мутация нәтижесінде күшін жоғалтып, жалған генге айналған.

Ғалымдардың айтуынша, приматтарды GULO ферментінен айырған мутация шамамен 60 миллион жыл бұрын болыпты. С витаминінің жетіспеушілігінен неге қырылып қалмағанымыз түсінікті: маймыл аталардың рационында жеміс-жидек әрдайым болған еді. Ал ғалымдар оның жоғалуына қатысты бірнеше нұсқаны келтіреді. Мәселен, С витаминін синтездеу қабілетін жою арқылы приматтар оттегі жетіспеушілігінен қорғану қасиетіне ие болған немесе қоршаған ортаға бейімделу дағдыларын ген деңгейінде жетілдіру үшін GULO ферментін құрбандыққа шалған. Бір сөзбен айтқанда, эволюция барысында бір дүниеден айрылған аталарымыз басқа да аса маңызды қабілеттерге ие болған екен.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!