Президенттің мәліметінше, бір ғана Алматыда карантин кезінде жұмысшылардың саны 266 мыңға қысқарды. Жеке кәсіпкерлердің 80%-і бизнесін тоқтатты. Алдын ала есеп бойынша Алматының шамамен 500 мыңға жуық тұрғыны қаржы жағынан қиын жағдайға тап болды.

Сондықтан төтенше жағдай кезінде осы режимнің енгізілуіне байланысты табысынан айырылған адамдарға бір ең төменгі жалақы көлемінде (42 500 теңге) ай сайынғы төлем төлеуді тапсырамын. Жалпы есеппен бұл көмекті 1,5 миллионнан кем емес азаматымыз ала алады. Қажет болғанда қолдау сомасын, алушылар қатарын және көмек түрлерін көбейтуге резервіміз жеткілікті. Мемлекеттік комиссияға төлем төлеудің тиімді әрі ашық тетігін жасауды тапсырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жәрдемақы алушыларды арнайы құрылған өңірлік штабтар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге анықтайды. Бұл кезеңде бизнес өкілдері жұмыс орындарын сақтауға тырысуы керек. Президент мемлекеттік комиссияға жұмыс берушілерді, әсіресе шағын және орта бизнесті қолдау шараларын әзірлеуді де тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша төтенше жағдай режимі кезінде көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар және әлеуметтік көмекке мұқтаж басқа да топтар азық-түлік пен тұрмыс бұйымдарын тұрақты түрде тегін алып тұруы керек.

Президенттің мемлекеттік комиссияға берген тапсырмалары бес бағыттан тұрады. Олар: коронавирустың таралуына қарсы жұмысты күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елде әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, ұлттық экономиканы қолдау және басқару шешімдерін қабылдаудың жаңа моделіне көшу.

Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмалар туралы толығырақ Ақорда сайтынан оқуға болады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!