Еліміздің оңтүстік өңірлеріне Иран аудандарынан келген жылы циклон әсер етіп жатыр, сол себепті жаңбыр жауады. Дегенмен республиканың батыс бөлігіне Исландиядан жеткен суық антициклон әсер ете бастады, ол шығысқа қарай жылжып, Қазақстанның көп бөлігінде жауын-шашынның тоқтауына және ауа температурасының төмендеуіне себеп болады.

Елдің солтүстігінде түнде ауа температурасы 5 градус аяз — 3 градус жылы аралығынан 12-25 градус аязға дейін, оңтүстікте 2-12 градус жылыдан 3 градус аяз бен 2 градус жылыға дейін, кей жерде 6-11 градус аязға дейін төмендейді. Түнде және таңертең тұман түседі, — деп хабарлады «Қазгидромет» кәсіпорнының баспасөз қызметі.

Наурыздың 24-25-і аралығында солтүстікте түнгі ауа температурасы 12-20 градус аязға дейін, Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында 20-25 градус аязға дейін төмендейді.

21 наурызда Қостанай облысында жауын-шашын түседі: жаңбыр, жабысқақ қар жауады, кей жерде тұман түседі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, екпіні секундына 23 метрге дейін күшейеді. Ақмола облысында да жаңбыр, қар жауады, оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел соғады. Нұр-Сұлтанда да оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел соғады. Қызылорда облысының кей жерінде найзағай ойнайды. Оңтүстік-батыстан, батыстан соғатын жел екпіні кей жерде 23 метрге дейін күшейеді. Жамбыл облысында оңтүстік-батыстан, батыстан соғатын жел екпіні кей жерде 23-28 метрге жетеді, тұман түседі. Түркістан облысының таулы аудандарында толассыз жаңбыр жауады, найзағай ойнайды, оңтүстік-батыстан, батыстан екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел соғады. Шымкентте де найзағай ойнайды, оңтүстік-батыстан, батыстан екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел соғады. Маңғыстау облысында кей жерде тұман түседі, солтүстік-батыстан екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел соғады.

Жылымық пен қар жабынының тұрақсыздығынан Кіші Алматы және Үлкен Алматы өзендері бассейнінде қар көшкіні қаупі күшейеді. Ауа температурасының жоғарылауына байланысты Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарында өзендердің деңгейі көтерілуі мүмкін.