Юрий Ильин су тасқыны қаупі бар өңірлерді атады

Оның айтуынша, «Қазгидрометтің» 26-27 ақпанға қатысты ескертуіне қарағанда Нұр-Сұлтанда жел жылдамдығының күшеюі мен жауын-шашын қардың ерте еруіне себеп болады.

Көпжылдық бақылауға қарағанда биыл көктем мезгілі әлдеқайда ертерек туады деп болжап отырмыз. Наурыз айының ортасы негізгі шарықтаған шағы болады деп ойлаймын. Былтырмен салыстырғанда көктемгі кезең екі-үш апта бұрын басталады, — деді Юрий Ильин.

Вице-министрдің айтуынша, су тасқыны бойынша ең үлкен қауіп Қарағанды облысында, Нұра өзенінің сағасында, онда мол қар қоры қалыптасып, топырақтың терең қатуы байқалып отыр, бұл Нұра суының тасуына себеп болуы мүмкін.

Ақмола облысында Вячаслав суқоймасы мен Жабай және Колутон өзендері бойында су басу қаупі бар. Тасқын болса, Атбасар және Колутон елді мекендерін басып қалады. Ақмола өңіріндегі өзендер Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев суқоймасын толтыруы мүмкін.

Біз, Нұр-Сұлтан тұрғындары, биыл қар көп мөлшерде жауғанын білеміз. «Қазгидрометтің» болжамы бойынша нормадан 2 еседен көп қар түсті. Көшелерден, аулалардан қар шығарылып жатыр. Әрбір тұрғын бұл жұмыстың қарқынды болғанын қалайды, себебі көктемге аз уақыт қалды, — деді Юрий Ильин.

Министрдің орынбасары осы ақпанның өзінде Нұр-Сұлтанда ауа температурасы көтеріліп, жаңбыр мен қар салдарынан кей жерді су басқанын айтты.

Бізде көшенің бір бөлігі су астына кетті. Әкімдік қазір болжап отырған күрделі жағдай өзеннің төменгі бөлігінде, өзен аңғарында, қаладан тыс, саяжайлар орналасқан жерде болуы мүмкін. Су басуы ықтимал. Сонымен қатар ағын су кәрізінің жұмысын жолға қоймаған аумақтар бар — Бауыржан Момышұлы даңғылы, Тұран көшесінің бойы. Бұл учаскелерде проблема бар. Салдарын жою үшін Төтенше жағдайлар комитеті тарапынан көмек беріледі, — деді Юрий Ильин.

Бұған дейін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қазақстанда 600-ден астам елді мекенге су тасқыны қаупі төніп тұрғанын мәлімдеген еді.