Нұрсұлтан Назарбаев коронавируспен күреске қаржы бөлуді тапсырды

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы қорынан коронавирустың таралуына қарсы іс-қимылға 200 миллион теңге бөлуді тапсырды.

Бүгінде Қазақстанда эпидемияға қарсы барлық қажет шара толық көлемде іске асырылып жатыр. Шаралар дер кезінде қолға алынып отыр және қазіргі жағдайға сай. Мемлекет теңдессіз шараларды қолға алып отыр. Қауіпті инфекциямен күреске көмек беруге отандық бизнес те ерекше үлес қосып жатыр. Мен бұл бастаманы барынша қолдауға, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге және қоғамның ауызбіршілігін көрсетуге үндеймін. Біз бұл сынақты абыроймен бастан өткереміз. Біз біргеміз! — делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың жазбаша тапсырмасында.

Тұңғыш Президент қорының қаржысы Нұр-Сұлтан мен Алматы әкімдіктеріне тең бөлінеді. Ол медицина жұмысшыларын ынталандыруға, медицина бетпердесі мен дезинфекция құралдарын алуға және Нұр-Сұлтандағы балабақшалар мен мамандандырылған ауруханаларға азық-түлік алуға жұмсалады.

Қор астанадағы қоғамдық денсаулық басқармасына 50 мың бетперде де алып берді.

Сонымен бірге Nur Otan партиясы карантин жағдайындағы Нұр-Сұлтан мен Алматы тұрғындарына көмек ретінде 150 миллион теңге бағыттады. Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Instagram-парақшасында хабарлады.

Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары аясында карантин жарияланған Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы жалғызбасты қарттарға, мүгедектер мен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға атаулы көмек беру үшін 150 миллион теңге бағытталды, — деп хабарлады Бауыржан Байбек.

Оның мәліметінше, бұл қаражатқа медицина бетпердесі, антисептик құралдар мен адамға ең қажет тауарлар сатып алынады. Партия мүшелері мен Jas Otan волонтерлары оларды халықтың тұрмысы нашар тобына үлестіріп береді.

Сонымен қатар партияның орталық аппараты мен филиалдарының қызметкерлері осы қажеттіліктерге өздерінің біркүндік жалақысын аудару туралы шешім қабылдады. Қазір Нұр-Сұлтан мен Алматы әкімдіктерімен бірге коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында құрылған жедел штабтарға кез келген көмек беру үшін волонтерлардың ықшам топтары жасақталып жатыр, — деді Бауыржан Байбек.