Қытай, Иран, Оңтүстік Корея азаматтары Қазақстанға кіргізілмейді

Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік Камалиевке сілтеме жасап хабарлады.

Ведомствоаралық комиссияның шешімімен біз 1 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан — Сеул, Алматы — Сеул бағыттары бойынша тұрақты рейс санын аптасына тоғыздан үшеуге дейін қысқарттық. Бұл — біздің Air Astana және Оңтүстік Кореяның Asiana Airlines әуе компанияларының рейстері. Ведомствоаралық комиссия 8 наурыздан бастап бізде Оңтүстік Корея мен коронавирус қаупі бойынша бірінші санатқа жататын елдер азаматтарының кіруін тоқтатуға шешім қабылдады, — деді Берік Камалиев.

Вице-министрдің айтуынша, ведомство әуе компанияларына Сеул — Алматы және Сеул — Нұр-Сұлтан бағыттары бойынша Қазақстан азаматтарына ғана қатынауға рұқсат берілетінін ескерткен.

Бізде басқа елдерден басқа әуе компанияларымен келетін транзит жолаушылар да бар. Біз басқа әуе компанияларына 8 наурыздан бастап Қазақстанға бірінші санаттағы елдер азаматтарына кіруге тыйым салынатынын хабарладық, — деді Берік Камалиев.

Айта кету керек, коронавирус инфекциясының таралу қаупі бойынша бірінші санаттағы елдер қатарына Қытай, Иран, Оңтүстік Корея, Италия және Жапония кіреді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да