Қай кезеңде де ертегінің негізгі оқырманы — бала. Әдина Жүсіптің айтуынша, ертегі балаларды қызықтырады, қиялына ерік беріп, сиқыр әлемін шарлауға мүмкіндік береді.
Ертегі арқылы автор мен оқырман арасында тығыз байланыс орнайды. Әр нәрсе өзінің заманына қарай, бала талғамы мен ертегіге деген талап та өзгеріп отырады. Дегенмен ертегі тілінің түсінікті болуы, баланы жалықтырмайтындай қарапайым әрі ықшам болуы — шығарманың оқырман арасында табысқа жетуінің алғышарты, — дейді ол.
Кітапты ашқанда баланың көзі ең бірінші суретке түседі. Сурет қызықтырса, бала ертегіні оқуы әбден мүмкін.
Өзіміз де бала болдық. Кітапты ашқанда түрлі түсті беттерге қызығатынбыз. Біз де баланы ертегі оқуға баулу үшін суретке аса мән береміз. Сондықтан оны арнайы тапсырыспен салдырамыз, — дейді Әдина Жүсіп.
«Ертегілер елінде» журналы баланы ертегіге қызықтыру үшін суретпен ғана шектелмейді.
Қазір балаларға арналған кітапта суретпен қатар оған ой салатын түрлі амалды қолдануға болады. Мысалы, «Жалғастыр», «Құтқар», «Жолды тап» сияқты ойтүрткілерді жазып қойсақ, бала тек оқып қоймай, логикамен жұмыс істейді, — дейді бас редактор.
Ертегі баланы жақсы мен жаманды ажыратуға үйретуі керек. Сондықтан ертегінің танымдық сипаты болғаны дұрыс. Сонымен қатар ол оқырманды өзіне баурап алуы шарт.
Мен бір жыл бойы 17 бөлімнен тұратын «Айдананың қуыршағы» деген ертегі жаздым. Ішінде сәл қорқынышты сәттері бар. Осы арқылы оқырманды келесі тарауға жетелеуге тырыстым, — дейді Әдина Жүсіп.
Жазушының айтуынша, 15-20 жыл бұрын жазылған ертегілер тәрбиелік мәнімен ерекшеленетін. Қазіргі ертегілерде де дидактика болады, бірақ олар технология дәуіріне лайықталады. Ертегіге сұраныстың аз немесе көп болуы ата-ананың баланы кітапқа қалай баулитынына байланысты.
Балалар гаджетке құмар келеді. Пайдалысы кітап екенін ата-ана да ескермеуі мүмкін. Баланы кітап оқуға баулыса, балаға да, бізге де жақсы болар еді. Бұл жерде ата-ананың ролі басым, — дейді Әдина Жүсіп.
Әдина Жүсіп «Ертегілер елінде» балалар журналында 2002 жылдан бері жұмыс істейді. Оның айтуынша, журналда балалардың өзі жазған шығармалар көп жарияланады. Бұл — журналдың басты артықшылығы.
Сонымен қатар ай сайын журналға баламен тығыз қарым-қатынас жасайтын, олардың психологиясын білетін мұғалімдер мақала жіберіп тұрады. Оның көбі баланың мінезі, өзін кез келген ортада ұстай білуі және басқа да тақырыптарда, — дейді ол.
Журнал 2 жылдан бері 4000 дана тиражбен шығып келеді. Балалар басылымы оқырманның көп жазылуына тәуелді. Журналдың негізгі аудиториясы — мектепке дейінгі және бастауыш мектеп балалары.
Аружан Аққұлова