Нұрсұлтан Назарбаев: Алматының көп проблемасы бұрыннан белгілі

Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бақытжан Сағынтаев қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы айтып берді.

2020 жылдың қаңтар айында Алматыда инвестиция көлемі 43,2 миллиард теңгеден асты. Былтырғы қаңтармен салыстырғанда өсім 22% болды. Бөлшек сауда көлемі 7,5% өсті. Осы жылдың алғашқы айында қалада 84,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы қаңтардағы көрсеткіштен 6,7% артық.

Нұрсұлтан Назарбаев Алматы 2019 жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтағанын айтты.

Алматы — Қазақстандағы ең үлкен мегаполис. Қалада көп проблема бар екенін білемін. Ол — экология, көлік, шағын және орта бизнестің дамуы, көші-қон және халықты жұмыспен қамту. Бұл мәселелер бізге бұрыннан белгілі. Оларды жүйелі түрде шешу маңызды, — деді Тұңғыш Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев саны артып келе жатқан қала халқы үшін емханалар, мектептер мен балабақшалар салу қажет екенін айтты.