МыАлматы, БізАлматымыз, WeAlmaty
«БізАлматы» жобасының логотипі

Материал Еуропалық одақтың қаржылай қолдауымен Британ кеңесі, Алматы әкімдігі, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ және Қазақ-Британ техникалық университеті іске асырып жатқан «БізАлматы» жобасы аясында әзірленді.

2017 жылдан бері «БізАлматы» жобасы аясында Ұлыбританияға оқу-танысу сапары ұйымдастырылып келеді. Сапар елдегі қала билігі жүйесін, азаматтардың өзін-өзі басқаруы, әлеуметтік кәсіпкерлік, тағы басқа қалаға және оның тұрғындарына қатысты маңызды мәселелермен, Алматыға енгізуге келетін сай үлгілермен танысуды көздейді. Жобаның кейінгі сапарында «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Айдос Жексенбай да болып қайтты. Baribar.kz маманнан Ұлыбританиядағы озық үлгі мен тәжірибе жайлы және соған байланысты Алматыда қандай өзгеріс болуы мүмкін екенін толығырақ сұрады.

— Ұлыбританияға сапардың маңызы неде болды? Не себепті дәл осы елдің тәжірибесін үлгі ретінде қарастыру тиімді деп есептейсіз?

— Ұлыбритания (дәлірек айтқанда, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі) — жоғары дамыған елдердің бірі. Ол да, Қазақстан да — унитар мемлекеттер, яғни мемлекет билігі бір орталықтан бір өкілетті (Парламент) және бір атқарушы орган (Үкімет), бір конституция және ортақ заңнама негізінде атқарылады.

Ұлыбританияда біраз жылдан бері деволюция деген процесс өтіп жатыр. Деволюция — орталықсыздандырудың бір түрі.  Оның мағынасы — орталық басқару органдарының жергілікті басқару органдарына міндеттерді табыстау, кейбір мәселе бойынша шешім қабылдауға, сол шешімге қаржы бөліп, басқарып іске асыруға құқық беру. Мысалы, жергілікті көлік инфрақұрылымының, инженерлік желілердің, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ету мәселелері мен жобалары қала немесе аудан деңгейінде басқарылады. Бұл тәжірибені бізде де қарастыру тиімді болар еді.

Тағы бір қызық тәжірибе — Ұлыбританияда ұлттық денгейден төмен, бірақ жергілікті денгейден жоғары Біріккен билік (Combined Authority) деп аталатын ұйымдар қалыптасып жатыр. Әр ұйымға бір агломерация немесе метро аймағына жататын бірнеше қала мен аудан кіреді. Қазіргі уақытта Үлкен Лондонды санамағанда дәл сондай 10 ұйым бар. Біз Манчестерде Үлкен Манчестер Біріккен билік (Greater Manchester Combined Authority) ұйымының өкілдерімен кездестік. Бұл ұйымға 10 жергілікті әкімшілік кіреді. Манчестер — Үлкен Манчестердің орталығы. Екінші ең ірі қаласы — Сэлфорд. Британ кеңесі бізге сол қаланың әкімімен кездесу ұйымдастырды. Ұйымды 10 жергілікті әкім мен бір метро мэр (метро аймағының әкімі) кіретін Кеңес басқарады. Ол жоғарыда айтылып кеткен мәселелер бойынша және полиция, төтенше жағдай органдарының жұмысы, көгалдандыру мен абаттандыру, қоршаған ортаны қорғау, жаңартылатын энергия өндірісі, қоқыс жинау мен қайта өндеу мәселелері бойынша стратегия дайындап, шешім қабылдап, жобаларға қаржы бөліп, іске асырып, бақылап басқарады.

Сэлфорд әкімі, Айдос Жексенбай
Сэлфорд әкімімен кездесу. Фото: Jon Spaull

Жақында «Алматы қаласының ерекше мәртебесi туралы» деп аталатын заң қабылданып, Алматының мәслихаты мен әкімшілігі бірқатар жаңа құқыққа ие болды. Бірақ Алматы мен жанындағы Қаскелең, Шамалған, Өтеген Батыр, Талғар, Есік, Қапшағай және қаламен тығыз қарым-қатынасы бар басқа да елді мекендерді біріктіретін ұйым жоқ. Олардың бәрі Алматы агломерациясына кіреді, бірақ облыс әкіміне бағынады. Алматы мен Алматы облысы ортақ жобаны іске асыруға бірігіп қаржы бөле алмайды. Мысалы, Алматы мен Талғар арасында электр пойызын жіберу жобасын іске асырамыз десек, ол Нұр-Сұлтанда министрлікте қарастырылып, оны қаржыландыру мәселесі республика денгейінде шешіледі.

29 ақпанда Q-lab қала жобаларының зертханасында WeAlmaty жобасының жабылу фестивалі өтеді. Бұл — конференция немесе мектеп емес, достардың кездесуі. Онда Алматының қызық кейстері туралы білуге, жәрмеңкелер мен семинарларға қатысуға, жаңа достар табуға, тіпті кино көруге болады. Фестивальге  мына сілтемеге өтіп тіркеле аласыз.

Маған Ұлыбритания қалаларының әкімшілігі тұрғындармен көбіне тең, серіктестік қарым-қатынас орнатқандай көрінді.

Ұлыбританияның айқын ерекшелігі – қала әкімдерін халық немесе өкілді орган (Қала кеңесінің мүшелері) сайлайды. Тұрғындар сайлаған Қала кеңесі (City Council) жергілікті басқаруда басым роль атқарады. Тиісінше, тұрғындар қала өмірінің барлық мәселелесіне  көбірек араласады, әсіресе Бристольдің тәжірибесі ұнады. Онда қаланың беделді тұрғындары, жоғары оқу орындарының өкілдері, ірі компаниялардың және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, сонымен бірге Қала кеңесінің өкілдері түрлі тақырып бойынша серіктестік құрып отыр. Ол серіктестіктер Қоғам қызығушылығы компаниясы (Community Interest Company) ретінде құрылып, әлеуметтік маңызы бар бизнес-жобалармен айналысады. Ал солардан түскен барлық кірісті жаңа жобаларға қайта инвестиция қылып салады. Мәселен, біз 900-ден астам мүшені біріктіретін, қоршаған орта және тұрақты даму мәселелерімен айналысатын, сол мәселелерге қатысты стратегиялық мақсаттар мен іс-шараларды қала жоспарларына енгізетін Bristol Green Capital Partnership өкілдерімен кездестік.

Қала билігі тұрғындарымен қарым-қатынаста барынша ашық. Мысалы, Бристоль мэриясы серіктестеріне арнап ғимаратын ашқан. Олар ғимаратты түрлі кездесу үшін немесе тағы басқа жұмыстарын жүргізу үшін еркін пайдалана алады.

Бристоль әкімінің орынбасары, Айдос Жексенбай
Бристоль әкімінің орынбасарымен кездесу. Фото: Әйгерім Әлімқұлова

— Тұрғындардың өзін-өзі басқаруы, әлеуметтік белсенділігі қандай деңгейде екен? Олар неден ұтып отыр?

— Қала тұрғындары өзінің болашағы үшін жауапкершілікті көбірек сезінеді және қоғамдық өмірге белсенді араласуға тырысады. Ұлыбританияда түрлі қоғамдық ұйым мен қайырымдылық жоба саласы жақсы дамыған. Сонымен қатар волонтерлықпен айналысатындар да өте көп. Біз Корольдік бау-бақша қоғамына тиесілі Манчестер маңындағы Бриджуатерде салынып жатқан Ботаника бағында (RHS Garden Bridgewater) болдық. Ол қоғам мүшелерінің жарнасы есебінен қаржыландырылады. Ботаника бағын салу жобасына қыруар қаржы (30 миллион фунт) бөлінсе де, оған 700 волонтер қатысып жатыр. Олар киімін ауыстыруға, тамақтануға, жиналыстар және тағы басқа жұмыстарын өткізуге арналған орындарды өз қаржысына және өз қолымен салған. Волонтерлар бұл жердің тарихын зерттеумен және қалпына келтірумен, ағартушылық қызметімен, үйлестірумен, қонақтарды күтумен және басқа да жұмыстармен айналысады.

— Сонда Ұлыбритания халықты әлеуметтік кәсіпкерлікке, әлеуметтік қызметке тартудың қандай тәсілін қолданып отыр?

— Әлеуметтік кәсіпорындарға инвестиция салатын компаниялар үшін салық жеңілдіктері (Social Investment Tax Relief) сияқты дәстүрлі құрал бар. Инвесторлар әлеуметтік инвестициялар сомасының 30%-ін корпоратив табыс салығын азайтуға қолдана алады.

Сапар кезінде әлеуметтік кәсіпкерлікті қаржыландырудың ерекше механизмімен де таныс болдым. 2012 жылы Big Society Capital әлеуметтік инвестициялар қоры құрылыпты. Оған Ұлыбритания үкіметі салымшылардың банк шоттарындағы 15 жыл бойы қозғалыссыз жатқан 400 миллион фунтты аударған. Тағы 200 миллион фунтты Ұлыбританияның 4 ірі банкі бөлген. Қазіргі уақытта Big Society Capital жалпы 1,7 миллиард фунт қаржыға иелік етеді, оның 524 миллионы жұмыс істемей тұрған банк шоттарынан түскен. Қор басқарушы компанияларды қаржыландырады, ал олар әлеуметтік жобаларға инвестиция салады.

Біз негізі өзімізге енгізуге болатын көптеген тақырыппен таныс болдық. Менің ойымша, осы сапардағы әр қатысушыда түрлі ой, идея пайда болған сияқты.

— Мысалы, қандай?

— Біздің қасымызда «Пионер» тау шаңғысы курортының басшысы Жанат Қаратай болды. Ол аутизммен ауыратын балалармен жұмыс істейді. Меніңше, оған ерекше адамдарға арналған ұйымдардың тәжірибесі қызық әрі пайдалы болды. Атап айтқанда, біз Global Disability Innovation Hub деп аталатын Лондондағы хабқа бардық. Ол бес тақырып бойынша академиялық зерттеулер жүргізіп, ҮЕҰ-мен жұмыс істейді. Олар: инклюзив дизайн, ассистив технологиялар, азаматтарды тарту, адам мен компьютер жүйесінің өзара іс-қимылы, сондай-ақ өнер, спорт және ерекше адамдар үшін инклюзив мәдениет. Бристольде WECIL мүгедектерге қолдау көрсету және көмек беру орталығының қызметімен де таныстық.

Global Disability Innovation Hub шеберханасы
Global Disability Innovation Hub шеберханасы. Фото: Айдос Жексенбай

Тағы бір қатысушы, экоактивист Recycle Birge жобасының негізін салушы Бану-Ақкүміс Құспанова да бізбен бірге болды. Оған экология бойынша тұрақты даму тақырыбындағы ақпарат пайдалы болған тәрізді. Тұрақты дамудың мақсаттарын алға жылжыту үшін серіктестік құру тәсілдері, Бристоль маңындағы GENECO қалдықтарды қайта өңдеу компаниясының жұмысы, сонымен қатар Manchester City футбол клубының экологиялық тұрақтылық бизнесі бойынша тәжірибесі де қызықтырған болар. Manchester City футбол клубы 2030 жылға дейін өзінің кез келген қызметінен көмірқышқыл газының шығарылуын 0%-ке жеткізуді (zero carbon footprint) көздеп отыр. Клуб бір рет қолданылатын пластиктен бас тарту, қалдықты анаэроб қайта өңдеу, алқапты суару және техникалық мақсатта жаңбыр суын жинау, энергиямен толық қамтамасыз ету үшін күн панельдері мен жел диірмендерін пайдалану, жарық шамдарын тек LED-ке ауыстыру, көмірқышқыл газын сіңіру үшін ағаш отырғызу, парниктік газдардың жанама генерациясын жергілікті өндіріс есебінен азайту шараларын қабылдап, іске асырып жатыр.

GENECO қайта өңдеу зауыты
Бристольдегі GENECO қайта өңдеу зауытында. Фото: Әйгерім Әлімқұлова

«Алматы қаласын дамыту орталығының» өкілі ретінде маған да жоғарыда аталған тақырыптарды қаламызда жүзеге асыру перспективалы болып көрінді. Сонымен қатар регенерация жобаларын іске асыру туралы да айтып өткім келеді. Қала билігі жеке кәсіпкерлермен, жоғары оқу орындарымен, тұрғындармен күш біріктіріп, бұрынғы өнеркәсіптік және басқа «назардан тыс қалған» аудандарды жандандыруға, өмір сүруге, бизнес жүргізуге, демалысқа қолайлы аймаққа айналдыруға бағыттаған қалпына келтіру жобаларын жүзеге асырып жатыр. Олардың тәжірибесі шынымен қызық. Біз Лондондағы Олимпиада паркін дамытумен айналысатын London Legacy Development Corporation ұйымының жұмысымен таныстық. Парктің аумағы 200 гектардан асады. Тарихына тоқталар болсақ, кезінде бұл жерде индустриалық аймақ болған. Ол 1980-жылдары ыдыраған. Қазір бұл аймақ – көптеген спорттық және басқа да іс-шара өткізілетін, бизнес ғимараттары, сауда кешендері мен тұрғын үйлер орналасатын Лондонның жаңа орталықтарының бірі. Еуропадағы ең ірі өнер және дизайн университеті University of the Arts London барлық 6 колледжімен осында көшуді жоспарлап отыр.

Біз зерттеген тағы бір кейс – Манчестердегі 11 гектар Мэйфилд ауданының регенерациясы. Ол жерде бұрын қойма және басқа үй-жайлары бар теміржолдың тұйығы болған. Қазір мұнда қоғамдық шаралар өткізіледі, 15 жыл ішінде саябақ, кеңселер мен тұрғын үйлер салу жоспарланған.

Mayfield аймағының регенерация жоспары
Манчестердегі Mayfield аймағының регенерация жоспары. Фото: Айдос Жексенбай

Бристольде шағын деңгейдегі сәтті регенерация үлгілерін де көрдік. Олар — бұрынғы өндіріс және логистика ғимараттарында орналасқан Engine Shed инновациялық хабы және Watershed креатив хабы.

Алматыда қалпына келтіруді қажет ететін мұндай аймақтар мен нысандар көп. Пилот жоба ретінде реконструкциядан өтіп жатқан бұрынғы трамвай депосын атауға болады.

Мені Үлкен Манчестер мен Ұлыбританияның басқа да қала-аймақтарының дамуын басқаратын Біріккен биліктердің (Combined Authorities) тәжірибесі қатты қызықтырды. Бұл тәжірибе бізге жарамайды дей алмаймын. Дегенмен оның үлгісін жай ғана көшіріп енгізе салу мүмкін емес. Өйткені заң мен институционалдық негіз әртүрлі. Алайда оны тереңірек зерттеген пайдалы болар еді.

«Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ қала әкімдігіне Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуының әртүрлі мәселесі бойынша көмек көрсетеді. «БізАлматы» сапары кезінде көптеген тақырыпты одан әрі зерттеу қажет екенін және қаламызға енгізіп, сынап көруге болатынын біліп қайттық. Жалпы, сапар өте пайдалы болды.

Watershed креатив хабы
Бристольдегі Watershed креатив хабында. Фото: Айдос Жексенбай

— Алматының дамуы үшін осындай шаралар өткізіліп жатыр, көп бағдарлама, ұзақмерзімді стратегия да әзірленді. Соның бірі — 2015 жылы «Алматы қаласын дамыту орталығының» қатысуымен дайындалған «Алматы-2020» бағдарламасы. 4 жыл өтті. Қалай ойлайсыз, Алматы «ақылды қалаға» айналды ма?

— Қалалық ортада айтулы және маңызды өзгерістер болды. «Алматы қаласын дамыту орталығы» жанынан құрылған Урбанистика орталығы «Алматы – адамдарға арналған қала» принципі бойынша қаладағы қоғамдық кеңістікті дамыту мәселесін қолға алды. Соның нәтижесінде Панфилов көшесі жаяу жүргіншілерге арналған қаладағы тартымды орынның біріне айналды. Жібек Жолы және басқа да бірқатар көше жаңарды – бұл өзгерістерді барлығы байқады.

Көлік реформасын жүзеге асыру жалғасын тапты. БҰҰ-ның Даму бағдарламасы (UNDP) дайындауға көмектескен қалаға арналған тұрақты көлікті дамыту стратегиясы бойынша арнайы қоғамдық көлік жолақтары, «Оңай» электрон билет жүйесі, BRT бірінші желісі, веложолдар және ақылы автотұрақтар енгізілді. «Оңайдың» көмегімен қала әкімдігі жолаушылар ағынын бақылауға және субсидия төлеуді бастауға мүмкіндік алды. 2012 жылдан бері тариф 80 теңгеден көтерілмесе де, субсидиялардың арқасында қоғамдық көлік операторлары жылжымалы құрамды жаңарту мүмкіндігіне ие болды. Жағдайдың оң бағытқа өзгергенін қоғамдық көлікпен қатынайтындар байқаса керек.

2017 жылы ғаламдық IDC компаниясы Алматының «ақылды қала» ретінде жетілу деңгейін мүмкін 5 балдан 1,7 балға бағалаған болатын. Содан бері Алматы қаласын дамыту орталығының көмегімен зияткерлік көлік жүйесі, морена көлдерін бақылайтын автомат жүйесі және электрон ПИК (е-КСК) сияқты бірқатар «ақылды жоба» іске қосылды. Алматыны дамыту орталығында жағдаяттық орталық құрылды. Ол әртүрлі ақпараттық жүйеден 1200-ден астам индикатордың интеграторы ретінде қызмет етеді, әкімдікке басқарушылық шешім қабылдау үшін көмек және талдау жасайды. Былтыр Алматы әкімдігінде Цифрландыру Басқармасы құрылды. Енді бұл жұмыс жаңа қарқынмен жалғасады деп ойлаймын.

Осы уақыт ішінде жүзеге асқан, аса байқалмайтын, бірақ елеулі өзгерістердің бірі ретінде мемлекеттік-жекешелік серіктестіктің дамуын атауға болады. Жобалардың бірі — ескі шамдарды жаңа, энергия үнемдейтін LED шамдармен алмастыра отырып, көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту.

— Халық арасында «Екі Алматы» деген түсінік бар. Қазір қаланың Downtown бөлігін, «Алматы-2» вокзалы маңы мен қаланың солтүстік аймағын дамыту қалай жүзеге асып жатыр?

— Негізі көптеген алматылықтың ойынша қала екі бөліктен тұрады: жоғарғы жақ және төменгі жақ. Екі бөліктің шекарасы Райымбек даңғылы болып тұр. «Төменде» индустриалық аймақтар, теміржол және қойма инфрақұрылымы, «барахолка» орналасқан, экологиясы нашар. «Жоғарыда» тарихи орталық, мемлекеттік органдар, музейлер, театрлар, Ғылым академиясы, университеттер, үздік мектептер, жақсы жабдықталған ауруханалар, саябақтар, заманауи спорт кешендері шоғырланған. «Жоғарыдағы» ауа таза деп саналады, сондықтан алматылықтардың ауқатты тұрғындары тауларға жақын жерде тұруды жөн көреді. Ірі компаниялар да кеңселерін қаланың осы бөлігінде орналастыруға тырысады.

Осындай дисбаланс пен моноцентрліктің салдарынан қалада таңертең және кешке кептеліс болады. Әлеуметтік алауыздық қаупі де артады. Сондықтан қаланың шет жағын, төменгі бөлігін белсенді дамыту қажет деген стратегиялық түсінік бар.

Консультанттар қаланың ұзақмерзімді дамуының Концепт-жоспарын әзірледі. Онда қаланың төменгі бөлігіндегі және шетіндегі 6 перспективалы даму аймағын белгіледі. Ұсыныстардың бірі – ішіне «Алматы-2» теміржол вокзалы мен оның солтүстік-батысында жатқан жерлер кіретін, болашақта кеңселер, коммерциялық нысандар, тұрғын үйлер аралас орналасатын жаңа қала орталығын (Downtown) құру. Бұл жерде бірден құрылыс басталып кетеді деген түсінік болмау керек. Біріншіден, мұқият дайындық жүргізіліп, қосымша тереңдетілген зерттеу мен есептеулер қажет. Қаланың бас жоспарына өзгертулер енгізілуі керек, содан кейін нақты аймаққа арналған іс-шаралар жоспары жасалады. Бұл – жүздеген гектар аумақ, көптеген стейкхолдер және талай миллиард тенге тұратын, жүзеге асуы 10 жылдан асатын ірі жобаларға байланысты күрделі жұмыс.

WeAlmaty делегациясы
WeAlmaty делегациясы Бристольде. Фото: Владимир Яскевич

— Алматыны шетсіз қалаға айналдыру идеясының тиімділігі неде? Осы бойынша қаланы қандай өзгерістер күтіп тұр?

— Шетсіз қала, яғни шет аймағы жоқ қала — Алматы қаласын дамыту орталығының көмегімен әзірленген «Алматы-2050» стратегиясының негізгі басымдықтарының бірі. Біріншіден, артта қалған аудандардың базалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету керек: орталықтандырылған сумен жабдықтау, канализация, жолдар, жарықтандыру, балабақшалар, мектептер, амбулаториялар. Бұл «Жаңа Алматы» кешенді бесжылдық жоспары аясында жасалады. Ұзақмерзімді мақсат – қаланың шет жағының дамуын қаланың орталық бөлігіндегідей деңгейге көтеру, өмір сүру мен жұмыс істеу, әртүрлі әлеуметтік қызмет (білім беру, емдеу, спорт, демалыс) алу бойынша қолайлы жағдай жасау. Полицентрлік қағидатына сәйкес бірнеше өзін-өзі қамтамасыз ететін қала орталығы құрылуы керек. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, тартымды жерлері, бірегей айрықшалықтары болуы қажет.

Бұл шаралардың барлығы аудан арасындағы даму дисбалансын азайтуға, қаланың көлік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымына түсетін жүктемені біркелкі бөлуге мүмкіндік береді. Қарапайым сөзбен айтқанда, қала шетіндегі және орталық бөлігі арасындағы жиі қатынас қажеттілігі азаяды, өйткені адамдарға жұмыс орны және сапалы қызметтер өздері тұратын аудандарында қолжетімді болады. Автокөліктер аз пайдаланылған соң бұл қала экологиясына да оң әсер етеді.

— 30 жылда қаланы жеті бағыт бойынша дамыту көзделіп отырғанын білеміз. Биыл қай жобалар жалғасын табады, қандай жобалар іске қосылады?

— «Алматы-2050» стратегиясы Алматының болашағын, ұзақмерзімді дамуының негізгі басымдықтары мен бағыттарын көруге мүмкіндік береді. Онда нақты жобалар жазылмаған. Жобалардың тізімін тұжырымдау үшін Стратегия негізінде орта және қысқамерзімді кезеңге стратегиялық бағыттар бойынша нақты бағдарламалар мен жол карталарын жасау қажет.

Сондай құжаттардың бірі — жоғарыда айтып кеткен «Жаңа Алматы» қала шетін дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған кешенді жоспары. Оның аясында биылдан бастап қала орталығынан шалғай жатқан аудандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобалары жүзеге асырылады. Бұл – 2020 жылдағы негізгі басымдық. Үкімет бекіткен жоспарда көптеген жоба бар.

Қазіргі уақытта әкімдік Алматының келесі бесжылдыққа — 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын әзірлеп жатыр. Бағдарлама қаланың бүкіл аумағын және дамудың барлық басым бағытын қамтиды.

— Сұхбатыңызға рақмет!