Нұрсұлтан Назарбаев: Көпұлтты болуымыз – біздің артықшылығымыз

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевпен кездесті. 

Нұрсұлтан Назарбаев пен Жансейіт Түймебаев
Нұрсұлтан Назарбаев пен Жансейіт Түймебаев. Фото: Еlbasy.kz

Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында ассамблеяның және өңірлік Достық үйлерінің жұмыс жоспарының орындалуы талқыланды. 

1995 жылы біз көпұлтты мемлекетіміздің барлық азаматының құқығын қорғау үшін Қазақстан халқы ассамблеясын құрдық. Кейін ассамблея конституциялық органға айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біз үнемі еліміздегі барлық этнос өкілінің теңдігін қамтамасыз еттік, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының аппараты мәдени шаралар мен ойын-сауыққа емес, ең әуелі сараптамалық жұмысқа баса мән беруі керек екенін айтты. 

Біз 30 жылдың ішінде қазақстандықтардың бірлігі мен тұтастығының арқасында бүгінгі жетістіктерге қол жеткіздік. Көпұлтты мемлекет болуымыз – біздің артықшылығымыз, – деді Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы.

Ол ассамблея аппараты мен оның өңірлік өкілдіктерінің қызметін жандандыру үшін аудит өткізуді тапсырды.

Жансейіт Түймебаев ассамблеяның ғылыми-сараптама қызметін күшейту және этносаралық қатынастар саласында зерттеу жүргізу шаралары туралы баяндады.