Жалғасбек Ақболат, қаржыгер:
Адамдардың тез байып кетуге ұмтылысы қаржы пирамидасына ұрындырады. Инвестиция саласын зерттеген ғалымдар мен ірі инвесторлар ақшасын басқарғысы келетін адамның бірінші қатесі жылдам ақша табу екенін айтады. Пирамида тәсілін ұстанатан қаржы компаниялары әдетте клиент аз ақша салып, көп ақша шығарып алатынына уәде береді. Одан кейін соңына адам ертуді міндеттейді. Осы екі шарт арқылы компания клиентпен күдікті мәміле жасауға көшкенін, яғни пирамидаға тартып отырғанын болжауға болады. Компанияның ұсынысын естігенде адам «Аз ақша салып, көп ақша алар болсам, ол көп ақша қайдан келеді», «Соңымнан не үшін адам алып келуім керек?» деп өзіне сұрақ қоюы керек.
Қаржы пирамидасының танымал үш түрі бар. Біріншісі — Понци схемасы. Бұл схема бойынша бәрін бір адам бүлдіріп бастайды. Шартты түрде Асқар мен Асан есімдерін алайық. Асқар Асанға «қазір ақша салсаң, алғашқы үлкен кірістің 3/1 бөлігін саған беремін» дейді. Асқар ұсынысты екінші адамға да айтады. Екінші адамнан алған ақшаның кішігірім бөлігін Асанға аударады, қалғаны өзінде қалады. Дәл осы тәсілмен пирамидаға салым салатындардың бәрін алдап отырады. Екіншісі — пирамидаға қатысушы адам алып келіп, өзінің соңына тіркеу. Үшіншісі — матрица пирамидасы. Онда адамдар деңгейге бөлінеді. Осынша адам әкеліп, белгілі бір көлемде салым салсаң, келесі деңгейге өтіп, алатын ақшаң көбейіп отырады.
Қаржы пирамидасының ерекшелігі — онда ешқандай тауар сатып алмайсыз немесе сатпайсыз. Карл Маркстың «ақша-тауар-ақша» принципі бар. Алдымен ақшаға тауар сатып аласың, кейін оны қайта сатып, ақша қыласың. Ал қаржы пирамидасында мұндай принцип жоқ. Олардың алаяқ екенін осыдан білуге болады.
Қандай да бір құрылымды қаржы пирамидасы болуы мүмкін деп күдіктенсеңіз, ол нақты немен айналысатынын, өнім өндірсе, қандай өнім шығаратынын және «сіз берген ақшаны көбейтеміз» десе, оны қандай секторға салып, көбейтетінін біліп алу керек. Компанияның заңды тіркелгенін, лицензиясын, заң тұрғысынан бекітілген адресін, компанияның негізгі қожайыны кім екенін, салымшылары кім екенін тексеру қажет. Бұл да жеткіліксіз. Қаржы операциясымен айналысатын кез келген компанияда ұлттық банк лицензиясы болуы керек. Бұл лицензия болмаса, онда компания алаяқтықпен айналысады.
«Осынша ақша салсаң, оны бірнеше есе етіп шығарып аласың» деген ұсынысқа азаматтар сыни пайым тұрғысынан қарауы керек. Біздің елде депозит ашсаң, оған 10%-ке дейін сыйақы беріледі. Қаржы пирамидасымен айналысатын компания 200-300% кіріс ұсынады. Әлемдегі ірі корпорациялардың өзі мұндай процент ұсына алмайды. Сонда қаржы компаниясы мұндай кірісті қайдан тауып отыр? Компанияға ақша салсаңыз, ұйым банкрот болған жағдайда мемлекет және ұлттық банк салымды қайтарып беретіні туралы кепілдеме беруі керек. Компанияда мұндай мүмкіндік болмаса, онда ол қаржы операциясымен рұқсатсыз айналысып отыр.
Анара Есен, психолог:
Пирамидаға ұрынатын адамдарды үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа әлеуметтік жағынан толық есеймеген адамдарды жатқызамыз. Бұл азаматтардың өзге тұрмақ, өзіне, өз ісіне жауапкершілігі төмен. Ғажайыпқа сенеді, қандай да бір сыртқы әсер өмірін жақсы жаққа өзгертеді деп үміттенеді. Мұны сиқырлы ойлау деп атайды. Әдетте ойлаудың бұл түрі 5-6 жастағы балалардың психикалық дамуы барысында кездеседі. Бұл топтағылардың сыни пайымы төмендеу болады. «Ақша қайдан келді, қайда барады және оны қандай жолмен көбейтеді?» дегенді ойлап жатпайды, зерттемейді. «Көршілер, туыстар салды, оларға ештеңе болған жоқ, демек, маған да ештеңе болмайды, менің де жолым болады» деп ойлайды. Мұны тобыр санаға жатқызуға болады.
Екінші типтегі адамдар ақша салып отырған компанияның қаржы пирамидасы принципімен жұмыс істейтінін біледі. Біле тұра ақша салады. Өйткені «бұл пирамиданы мен бастамадым, ұйымдастыруға қатысым жоқ, жағдайымды жақсартып алсам болды, менен кейінгілерге не болатыны маған маңызды емес» деп ойлайды. Өзін сауатсыз есептемейді және өзіне жаман нәрсе болып қалады деп ойламайды. Ашкөздік артқан кезде сыни ойлау мен жауапкершілік төмендейді.
Үшінші типке әдетте ештеңеге сенбейтін немесе оңай сене қоймайтындар жатады, бірақ олардың көзін бір нәрсеге жеткізсе, бұл типтегі адамдар іске басымен кіріп кетеді.
Айта кететіні, адам пирамидаға бірнеше рет баруы мүмкін. Біріншіде опық жесе, онда екінші рет есесін қайтарғысы келеді.
Ересек адам қолымен істегенін мойнымен көтеруі керек. Бұл жауапкершілікті туысына, досына артып қоя алмайды. Қаржы пирамидасына ұрынған адамға жақындары көмектескісі келсе, қаржы, заң саласындағы білімін арттыруға жәрдем ете алады. Той-жиынға сыйлықты қарызданып апаратын немесе несие алып, той жасайтын адам мен пирамидада ақшасынан айырылған адамның психологиясы қатты ұқсайды. Олар «кеткен ақша кетті, садақа» деп өзін жұбатуы мүмкін. Ақшасынан айырылған адамға дос-туысы «сен 5 теңге жоғалтсаң да, 500 мың теңге жоғалтсаң да, ақша жоғалттың» деп полицияға баруға кеңес беруі керек. Бастысы — адам ақша жоғалтқанын мойындауы керек, мойындаған соң ғана ақшаға қатысты жауапкершілік пайда болады.
Қаржы пирамидасына ақша салғанның бәрін «алаяқ» деп айыптайтындар бар. Қазақ менталитетінде кісінің сынын бетіне басып, абыройын төгу жоқ. Қаржы пирамидасына ақша саларда оның арам жолмен ақша табу екенін бірі білсе, бірі білмейді. Қалай болғанда да оларды алаяқ деп айыптауға болмайды. Алаяқ — біреудің затын, мүлкін алдап алатын адам. Оның о бастағы пиғылы — алдап, олжаға қол жеткізу. Ал пирамидаға ақша салғандар алаяқ емес. Өйткені олар бұл істі бастаған жоқ, тек қатысты, өздері алданды, тіпті пирамида екенін біле тұра ақша салғандарды да алаяқ деуге болмайды. Қаржы пирамидасы құрығына іліккендер — өз әлсіздігінің, сенгіштігі мен сауатсыздығының құрбаны.
Болатбек Ержан, заңгер:
Қаржы (инвестиция) пирамидасын құрған және оған басшылық еткен азаматқа Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша 3 000 АЕК көлемінде айыппұл төлеуден, 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартудан бастап 3 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылады. 2015 жылдан бері елімізде осы бап бойынша 15 сот үкімі шығып, 18 адам сотталған. (Материал жарияланған уақытқа (2020 жылғы 27 ақпан) дейінгі дерек)
Қаржы пирамидасын байқағанда құқық қорғау органдарына хабарлау қажет. Пирамида ұйымдастыруға қатысқаны үшін сотталатындар — қаржы пирамидасы екенін көріп, ақша кәсіпкерлік қызметтен емес, тікелей басқа қатысушыларды тартудан келетінін және адамдарға ақшасы қайтпайтынын біле тұра өзгелерді пирамидаға шақырған ұйым қызметкерлері мен мүшелері.
Бизнес ашуға көмектесетін компанияларға ақша салмас бұрын азаматтар екі нәрсені білуі қажет:
- Біздің елде қарыз берушінің (кредитордың) құқығы қорғалмаған. Күмәнді жоба түгілі, жақын туысыңызға берген ақшаңызды заң арқылы қайтарып алуыңыз екіталай.
- Кәсіпкерлік қызмет үшін ақша жинайтын ұйымдардың басым көбі күмәнді немесе заңсыз жолдарды пайдаланады.
Ел азаматтарының құқық деңгейінің төмендігі сонша, олар түрлі компанияның электрон порталдан алған анықтамасына сене салады. Ресми тіркелген деп ойлайды. Біріншіден, компанияны ресми тіркеу оның барлық істеп жатқан ісінің заңды екенін білдірмейді. Екіншіден, ондай анықтаманы 5 минут ішінде алуға болады. Халық өте күмәнді анықтамаларға да сене береді.
Мәселен, жақында «AYBA-Жанұя» деген ұйымның жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде ресми тіркелгенін растайтын анықтама көрдім. Осы ұйымға ақша салғандар бұл анықтаманы қайта-қайта көрсетіп жүр. Біреу анықтаманы көріп, компанияға сенімін арттырса, мен, керісінше, күмән келтіремін. Мені ойлантатыны — серіктестіктің тіркелген жері. Компанияның кеңсесі қала шетіндегі саяжайлардың бірінде тіркелген. Дені дұрыс компания саяжайда тіркеліп, ол жерде кеңсе ашпайды. «AYBA-Жанұя» қызметіне баға беріп тұрған жоқпын, тек деректі баяндап отырмын.
Бір рет алданған азаматтар келесі жолы да пирамидаға ақша салып жатқанын көрдім. «Осы жолы алдамайтын компанияға жолықтым» деп қайта алданып жатады.
Қаржы пирмамидасына алданған соң дереу қылмыстық іс қозғату қажет. Іс дер кезінде қозғалса, күдіктілерді ұстап, олардың атына тіркелген және жасырын мүлікті анықтауға мүмкіндік туады. Уақыт өткен сайын бұл мүмкіндік азаяды. Пирамидаға алданғандар бірігіп, тергеушіден сапалы жұмыс талап етпейтіндіктен көп іс сотқа дейін бармайды. Барып жатса, қылмыскерлердің мүлкін табуға тиісінше күш жұмсалмайды. Алданған азаматтар бірігіп, білікті заңгер тобымен жұмыс істеуі керек. Адамдар адвокатты бірге жалдаса, оның қызмет бағасын арзандатуға болады. Бірінші жолыққан маманға жүгіне салмай, жақсы заңгерді табу қажет.
Адамдар қызық. Алаяқтарға көп ақша беріп алданады, бірақ сотта сөзін сөйлейтін маман істі ұтатынына күмәнданып, оған ақшасын қимай қалады. Маман жақсы жұмыс істесе, пирамидаға салған ақшаны қайтаруға мүмкіндік көп. Сотқа кететін істің алгоритмі мынадай:
- Әуелі адвокат істі зерттейді. Сұранысхат жіберіп, ақпарат пен дәлел базасын жинайды. Бұл жұмыс барысында тергеуден нендей әрекетті талап ететіні анықталады. Шетелге қашып кеткен пирамида құрушылармен бірге олардың елдегі сыбайластарын жауапкершілікке тарту бойынша материалдар дайындалады.
- Тергеуден барлық тиісті әрекет жүргізу талап етіледі. Өтініштер жолданып, прокуратура мен тергеу соттарына арыз беріледі.
Жұмыс сапалы орындалса, тергеудегі күдіктілер қатарын көбейтіп, ақшаны қайтару мүмкіндігін арттыруға болады. Пирамида басында тұрып, пайда көргендерді осы іске жәрдемдесушілер ретінде жауапкершілікке тартуды талап ету қажет. Шетелдегі күдіктілер анықталып, оларға іздеу жарияланады. Ал олардың елдегі сыбайластары сотталмас үшін сотқа арыз берушінің қандай да бір сомасын қайтаруға мәжбүр болады. Пирамиданы ұйымдастырып, шетелде қашып жүргендер халықаралық іздеуде болғандықтан күндердің күнінде ұсталып, сотталады.