Алаяқтарға жарнама жасаған шоу-бизнес өкілдерінің ісі тексеріледі

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде құқық қорғау органдарына аталған мекемелер мен ұйымдардың азаматтардың жылжымалы және жылжымайтын мүлкі мен қаржысын заңсыз иемденіп алуына қатысты арыз түсіп жатыр.

Бүгінге дейін 42 мың келісімшартқа отырған 6 мыңнан астам азамат шағымданып отыр. Полиция органдары түскен арыздар негізінде 22 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Ломбардтардың бір менеджері мен филиалдарының 12 директоры жауапкершілікке тартылып жатыр.

Тергеу әділ болуы үшін процессуал прокурорлар бекітілген.

Алаяқтар мақсатына жету үшін түрлі жарнаманы белсенді қолданғаны, соның ішінде шоу-бизнес жұлдыздары мен танымал блогерлерді пайдаланғаны анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жарнама жасауды жүзеге асырған және таратқан тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылып, олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі, — деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Бас прокуратура азаматтарды кіріс көзі дәлелденбеген қомақты қаражатқа қол жеткізуді уәде ететін күмәнді ұйымдарға сенбеуге және олардың шотына қаражат аудармауға үндейді.