Қазақстан халқы ассамблеясы: Ұлтаралық алауыздық тудырмау қажет

Мәлімдеме құрылымның ресми сайтында жарияланды.

Қордайда болған оқиға ел азаматтарының жанына батты. Қайғылы жағдай болды, тұрғындар құрбан болды. Қазақстан халқы ассамблеясы қайтыс болғандардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады, жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тілейді. Мемлекет басшысы кикілжің салдарын жоюға қатаң тапсырмалар берді. Біз Қазақстан халқынан осы келеңсіздіктің тез арада шешілуіне барынша қолдау білдіріп, көмек көрсетуін сұраймыз, — делінген мәлімдемеде.

Ассамблея қылмыс ұлтқа бөлінбейді деген пікірді толық қолдайды және кінәлілер анықталып, заң бойынша жазаға тартылуы керек деп есептейді. Президент жанындағы кеңес беру органы мүшелері қазіргі ең басты мақсат арандатушыларға бой алдырмау, жеке тұлғалар жасаған тәртіпсіздік үшін бүкіл ұлтты айыптауға жол бермеу деп отыр.

Ассамблея халық даналығына сенім арта отырып, ел тұрғындарынан ең әуелі жастардан еліміздегі татулық пен келісімге селкеу түсіретін, асығыстыққа ұрындыратын қадамдар мен іс-әрекеттерден сақ болуды сұрайды. Қазақстан халқы бір-бірімен әрдайым бауырмалдық қарым-қатынастың жарқын үлгісі болғанына және бола беретініне сенімдіміз. Балаларымыздың ортақ болашағы үшін ұлтаралық алауыздық тудырмауымыз қажет, — деп мәлімдеді ассемблея мүшелері.

Ассамблея Қазақстан азаматтарын қауесетке ермеуге, қоғамдық қауіпсіздік пен ел тыныштығын қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарына жәрдемдесуге, «ортақ үйдегі» татулық пен бейбітшілікті сақтауға үндейді.