Кенжеғұл Сейітжан, кәсіпкер, хостел иесі:

Super Hostel хостелінің иесі Кенжеғұл Сейтжан
Кенжеғұл Сейтжан. Фото: Айгүл Хожантаева

Меніңше, бұл мәселеге екі жақты қарау керек. Мысалы, бір хостел тұрғын үй кешенінде орналасқан. Ол жерде бірнеше адам өмір сүретіні анық. Олардың бірі кіреді, енді бірі шығып жатады. Тұрғын үйде лифт болмаса, жағдай тіпті қиын. Хостел қонақтарының баспалдақпен көтеріліп-түскен дыбысынан, у-шудан тұрғындардың наразылық білдіруі — орынды нәрсе. Мен де ондай жерде тұрғанды ұнатпас едім. Дегенмен кәсіпкер ретінде айтсам, бұл заң дұрыс ойластырылмаған деп есептеймін, себебі оның бірнеше зияны бар. Біріншіден, тұрғын үй кешенінен хостел ашқан бірнеше танысым бар. Олардың бірі бірінші қабаттан, енді бірі 11-қабаттан кеңістік сатып алған. Оларға қаншалықты қиын екенін түсінемін. Мысалы, сіз пәтерді 100 мың долларға сатып алсаңыз, ол қаражатты кемінде 2-3 жылда ғана ақтай аласыз. Мына заңнан кейін былтыр ғана пәтер сатып алып, кәсібін бастаған хостел иелері шығынға батады деген сөз. Екіншіден, заңға түзетулер енгізбес бұрын хостелде жұмыс істейтін қызметкерлердің жағдайын да ескеру қажет еді. Нұр-Сұлтанда хостелдердің 80-90%-і тұрғын үй кешенінде орналасқан. Оның барлығы жабылуға тиіс боп қалды. Мысалы, Қазақстан бойынша шамамен 500 хостел жабылды дейік. Бір хостелде екі-үш әкімші қызметкер, бір тазалаушы жұмысшы бар. Орта есеппен алғанда кәсіпкердің өзімен бірге бір мекемеде бес адам жұмыс істейді. Сонда 2 500 адам жұмыссыз қалып отыр деген сөз. 2 500 отбасы, ол отбасыда кемінде төрт адам болса, 10 000 мың адам қаржысынан, жеп жатқан нанынан айырылып қалды. Үшіншіден, хостел шағын кәсіп болып есептеледі. Шағын және орта бизнес түсімі мемлекет бюджетінің 70-80%-і болады, себебі кәсіпкерлер мемлекетке салық төлеп отыр. Хостелдің жабылуы — мемлекет үшін бұл жағынан да шығын.

Басқа елдерде осы сияқты заңдар қабылданады, бірақ қабылдаған соң оны уақытша 2-3 жылға тоқтатып қояды. Неге? Себебі осы 2 жыл ішінде кәсіпкерге қалтасынан кеткен қаражатты қайтарып, кәсібін жабуға уақыт беріледі. Ондай болмаған жағдайда жаңа заң туралы алдын ала ескертіледі. Бізде 2019 жылдың қараша-желтоқсанында айтылды да, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, заң күшіне еніп кетті. Бұл дұрыс емес.

Меніңше, заң алдын ала талқылануға тиіс, әртүрлі адамның ойын тыңдау керек еді. Заңды қабылдау үшін оның нормасы кемінде 2-3 жыл жұмыс істеуі керек, себебі ол заңды пісіп жетілдіру қажет. Өкінішке қарай, біздің мемлекет Ресейдің заңын ешқандай өзгертусіз көшіре салды.

Super Hostel хостелінің иесі Кенжеғұл Сейтжан
Ғабдулғани Әбутәліп. Фото жеке архивінен

Ғабдулғани Әбутәліп, заңгер:

Көпқабатты тұрғын үй кешенінде орналасқан хостелге байланысты заң 2019 жылы талқыланды, бірақ 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап нақты күшіне енген. Менің түсінуімше, хостелдердің кейбіріндегі тәртіпсіздік пен айқай-шуға көрші тұрғындардың наразылық білдіруі заңға түзету енгізуге себеп болған. Ең әуелі мәселені құқықтық жағынан қарастырайық. Хостелдер тұрғын үйде орналасқан болса, онда ол консорциум болады. Консорциум ортақ мүлік ретінде есептеледі. Мысалы, бір тұрғын үй кешенінде 60 пәтер болса, сол пәтерлердің барлық тұрғыны бірдей құқыққа ие, яғни хостел басшысы да — тұрғын үйдегі бір пәтердің иесі. Ол пәтерді арнайы хостел ашу үшін сатып алған болса, онда бұл заң оның құқығын шектеп отыр. Екінші мәселе — кәсіпкер тұрғын үйден хостел ашу үшін ғимаратқа кіретін бөлек есік салуы керек екен, бірақ ескерілмеген бір жайт бар. Егер хостел жоғарғы қабатта орналасса, онда оған бөлек есік салу әсте мүмкін емес. Бірінші қабатта орналасса да, бөлек есік салу ұзақ уақыт пен жұмысты талап етеді, себебі кәсіпкер тұрғын үйдің жобасын өзгерту үшін әкімдіктен, жер мекемесі мен басқа да бірнеше уәкілетті органнан рұқсат алуы қажет. Сонымен қатар мемлекет жоғары қабатта ережеге сай жұмыс істеп жатқан хостел, ал төменгі қабатта заңсыз кәсібін бастаған адам болуы мүмкін екенін де ескермеген, яғни бұл заңның өзі тәртіпсіздікті толық тоқтата алмайды. Бір сөзбен айтқанда, адал кәсіпкер мен заңбұзушы кәсіпкерді бір жазаның астына тіркеп отыр.

Меніңше, бұл заң әлі де шикі, формасы дұрыс жеткізілмеген. Заңда нақты қандай хостелдер жабылуы керек, қандай критерийге сай болмаса, жұмысы тоқтайды деген сияқты нормалар көрсетілуі керек еді.

Шакир Исламбакиев, кәсіпкер, хостел иесі:

хостел
Шакир Исламбаекиев. Фото жеке архивінен

Еліміздегі барлық хостелді антисанитария баспана деп атау қате, себебі әр мекеменің жағдайы әртүрлі. Мысалы, 400 шаршы метр болатын, барлық жағдайы жасалған пентхаустар бар. Олар да тұрғын үйде орналасқан, бірақ, өкінішке қарай, нарықта жұмыс істеп келе жатқан осындай кәсіпкерлердің жұмысы да жабылуға мәжбүр. Өйткені олар жаңадан қабылданған заңға сай келмейді екен.

Меніңше, енді Нұр-сұлтанның нарығы шығынданады, себебі астанадағы хостелдің көбі тұрғын үйде орналасқан. Алматының нарығына аса бір әсер етпейді.

Аталмыш заң екі жақтың мүддесін бірдей қорғамайды. Әрине, кәсіпкердің барлығы бірдей емес, бірақ қаншама жылдан бері кәсібін жүргізіп келе жатқан, көршілерімен тату-тәтті тұрып жатқандар да бар.

Өкінішке қарай, бір пәтерді сатып алып, ішіне қабатты 10 кереует қойып, хостел деп атап жүргендер де жоқ емес. Мұндай жерді хостел деуге келмейді. Меніңше, ең басты нәрсе — біз «хостел» деген сөзге дұрыс түсіндірме беруіміз қажет.