Super Hostel хостелінің иесі бізге бүгінге дейінгі кәсіпкерлік тәжірибесі туралы және қазіргі бизнесінің қаншалықты табысты екенін әңгімелеп берді.

Super Hostel қалай пайда болды?

Отбасында 20 баланың кенжесімін. Ата-анам «сүт кенжем» деп еркелетіп өсірді. Алты жасымда аттан құлап, көру қабілетімнен айырылдым. Қазір бір көзім 6% қана көреді. Жасалған операциялардың ешқандай пайдасы болмады. Бірақ көзім көрмейді деп ешқашан қол қусырып отырған емеспін. Денсаулығымның кінәратына қарамастан еңбекке ерте бейімделдім. Кәсіптің бірнеше түрімен айналыстым. Алғашында «Жетісу» базарында балмұздақ саттым. Табысты кәсіп болса да, денсаулығым бұл кәсіпті лайық көрмеді. Өз ауылымда балаларға арналған батут алаңын аштым. Бұдан кейін ашқан Sony Plaуstation клубы мен жаттығу залы кәсіпте шыңдалуыма септігін тигізді. Ақыры отбасыммен ақылдаса келе ыңғайлы әрі табысты деп хостел бизнесіне тоқтадық.

Super hostel
Super Hostel хостелі. Фото: Айгүл Хожантаева

2017 жылдың қаңтар айында 2 миллион теңгемен алғашқы хостелімді ашқанмын. Жарты жылдан кейін тағы пайда көрейін деп, тапқан табысымды басқа кәсіпке салып жібердім. Ол кәсібім алға жылжымай, шығынға ұшырадым. Содан жалға берілген орынның ақшасын төлей алмай, өзіміз сатып алған жиһаздарды иесіне тастап, тығырықтан шыққанбыз. Кейін отбасым мен туыстарымның қолдауымен сол жылдың қараша айында Super Hostel жұмысын бастадық.

Super Hostel-ді ашу үшін де 2 миллион теңге жұмсалды. Қазір хостелде 52 орын бар. Айына 500 мың теңге жалға төлейміз. Біз үшін тамыз, қыркүйек айлары мен көктем — табысты кезең.

Super hostel
Хостел жиһаздары. Фото: Айгүл Хожантаева

Хостелге жөндеу жасатқанда, жиһаздарға тапсырыс бергенде жұмысшылардың кейбірі мені алдап соғады. «Бәрібір көрмейді ғой» деп, жұмысын сапасыз істеп кетеді. Кейін оны қайта жасатуға тура келеді.

Хостел — студенттерге де жатақ

Хостел — саяхатшылардың үнемшіл тобына арналған орналасу орны. Төмен бағаға бейімделген кәсіп. Елімізде бес жұлдызды қонақүйдің бір күндік құны 55 мың теңгеден басталады. Ең арзан деген қонақүйдің бір күндік ақысы 15 мың теңге көлемінде. Ал хостелде күніне 2 000 теңге. Үш күннің ақшасын бірден төлесеңіз, 5% жеңілдік қарастырылған. Сонда бар-жоғы 5 400 теңге төлейсіз.

Хостелде туристер ғана емес, студенттер де тұрады. Олар сабақ арасында бос уақытын тиімді пайдалану үшін оқу орнына жақын хостелде тұруды дұрыс деп есептейді. Хостел бизнесінің елімізде дамып жатқанын осыдан байқауға болады.

Бір бөлмеде алты, сегіз, 12 адамға дейін тұрады. Студенттерге 12 адам тұратын бөлменің құны — 27 900 теңге. Жұмыс істейтін азаматтарға 29 900 теңге.  Алты адам тұратын бөлме құны студенттерге — 31 900 теңге, жұмыс істейтін азаматтарға 39 900 теңге. Студенттерге жеңілдік жасалғандықтан тұрақты клиентіміз көп. Хостелдегі төсек-орын әрдайым таза, тұрғындардың киімі жуылып тұрады. Асханадағы техниканы қолданып, тамақ пісіруге болады.

Хостел
Асүй жабдықтары. Фото: Айгүл Хожантаева

Хостелдің өз мәдениеті бар. Ең бастысы хостел тәртібіне бағыну керек. Бір қызығы — шетел туристері емес, өз еліміздің азаматтары 12 адам болып тұруға қарсылық білдіреді.

Хостел — қымбат қонақүйдің арзан баламасы. Қонақүй көбейген сайын хостел саны да арта береді. Бұл сектор қонақүйге күшті бәсекелес бола алады.

Бастапқы кезде жұмысқа адамдар қабылдағанбыз. Олар бұл кәсіпті жетік меңгермегендіктен жүзеге асыра алмады. Табыс ортақ болғандықтан қазір әйелім екеуіміз бірге қызмет етеміз. Ол қонақтарды қарсы алып, тұрғындардың киімін жуып, еден сүртіп, асүйдің тазалығына жауап береді. Хостелдің басты мақсаты — қонақ көңілінен шығып, сапалы қызмет көрсету.

Кәсіппен айналысамын деген адамға мына заманда ешқандай кедергі жоқ. Үкіметке қарап, қол жайып отыруға болмайды. Қолдан келгенше еңбектен, жетістікке жет. Менің мақсатым — айналамдағы адамдарға пайдамды тигізу. Маған жарық дүниенің сынық сәулесін көрудің өзі — бақыт. Жақсылықты көру үшін көз қажет емес, жүрек сезсе, болғаны.

Кенжеғұл Социалұлымен сұхбаттасып отырғанымызда хостел тұрғындары сабақтан келіп, түскі ас ішуге дайындала бастады. Студенттерден не себепті хостелде тұрып жатқанын сұрадық.

Хостел тұрғындары
Хостел тұрғындары. Фото: Айгүл Хожантаева

Мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2-курс студентімін. Хостелде тұрып жатқаныма екі жыл болды. Оқуға түскелі маған жатақхана берілмеді. Қыздармен пәтер жалдап тұруыма болады. Бірақ жалдамалы пәтер қымбат болар еді әрі мына жер оқуыма жақын, — дейді хостел тұрғыны Айша Мырзағали.

Кенжеғұл Сейітжан
Кенжеғұл Сейтжан жұбайымен. Фото: Айгүл Хожантаева

Біз кітапханада танысқанбыз. Алғашында дос, сырлас болдық, кейін бір-бірімізді ұнатып, бас қостық. Қазір бір ұл, бір қызымыз бар. Бизнесіміз жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Болашақта тағы осындай хостел мен қонақүй ашу жоспарымызда бар, — дейді Кенжеғұлдың жары Айман Сейтжан.