Атырауда жәрмеңкеде әлеуметтік жобалар таныстырылды

Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы Азаматтық орталығы медиа бөлімі хабарлауынша, жәрмеңке мүгедектігі бар азаматтар жағдайын жақсартуға арналды.

Шара мақсаты — үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлердің арасында қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуде өзара байланысты күшейту және үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру, бенефициар тарту. Шарада үкіметтік емес ұйымдар мүгедектігі бар балалар мен ересектерге арналған 14 әлеуметтік жоба ұсынды. Соның ішінде Zlataru қоғамдық қоры мен «Мөлдір көз» қоғамдық бірлестігінің жобаларына Fluor және ESS Support Service компаниялары қолдау көрсетті.

«Игі іске бастама» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Ақылбек Мұқанов жәрмеңкеде жұмыссыз аналарды жұмыспен қамтуға қатысты жоба ұсынды.

Әлеуметтік жәрмеңкеге алғаш рет қатысып тұрмын. Жобамның мақсаты — әлеуметтік аз қамтылған және мүгедектігі бар, жалғызбасты аналарды жұмыспен қамту. Әуелі жұмыссыз аналарды тігінші мамандығына оқытамыз. Кейін тігін шеберханасына жұмысқа аламыз, — деді Ақылбек Мұқанов.

Фото: Азаматтық орталық медиа бөлімі

«Самға жүрегім» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Эльвира Аронова «Академик Кроха» балалар орталығын ашу туралы айтып берді.

Жобам мүгедектігі бар балаларды сауықтыруға арналған. Орталықта балалар кәсіби мамандар арқылы психо-физиологиялық жағдайы мен қимыл-қозғалысын шынықтырады. Атырауда мұндай орталыққа сұраныс бар. Жоба қолдау тапса, көп отбасыға көмектесер едік деп ойлаймын, — деді Эльвира Аронова.

Жәрмеңкеде «Өмір гүлі» қоғамдық бірлестігі мен «Мен бармын» қоғамдық қоры балалары өнер көрсетті.