Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша жоғары білім берудің тиімділік көрсеткіші жоғары оқу орындарының интернационалдануы мен бүкіләлемдік рейтингілерден орын алуына қарай анықталады. 2016-2019 жылдары еліміздегі жоғары білім беру жүйесінде шетел студенттерінің үлесі 4% өсті. Қазақстан университеттері алғаш рет Times Higher Education және Quacquarelli Symonds рейтингілеріне енді.

Енді 2025 жылға дейінгі бағдарлама бойынша ЖОО-лар «Халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті», «Ұлттық деңгейде бәсекеге қабілетті» және «Өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті» деп, үш топқа жіктелмек. Сонымен бірге үздік университеттерге шетелден оқытушылар мен студенттер тарту жұмысы жалғасады.

Әзірше Қазақстан ЖОО-ларының дүниежүзі бойынша рейтингілердегі орны биік емес.

Quacquarelli Symonds рейтингіндегі 1 000 оқу орнының арасында әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті АҚШ-тың «Дартмут колледжі» университетімен және Австралияның Ньюкасл университетімен бірге 207-орында. Рейтингінің алғашқы ондығында АҚШ, Ұлыбритания және Швейцария ЖОО-лары тұр.

ЖОО, рейтинг

Осы рейтингінің Еуропа мен Орталық Азияның дамушы елдері бойынша бөлімінің өзінде әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Литваның Вильнюс университетімен бірге 18-орында. Бұл рейтингіде Ресей, Эстония, Чехия және Польша жоғары оқу орындары көшілгері.

2020 жылдың басындағы мәлімет бойынша Қазақстанда 125 жоғары оқу орны жұмыс істеп жатыр. Былтырға қарағанда жоғары оқу орындарының саны біреуге көбейген.

ЖОО, рейтинг

125 оқу орнында 604,3 мың студент білім алып жатыр (былтырғыдан 11,4% көп), 38,5 мың оқытушы (0,5% көп) жұмыс істейді.

2019 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша жоғары білім беру саласындағы қызмет көрсету көлемі бір жылда 7,1% артып, 68,8 миллиард теңге болып отыр. Оның үштен екісі Алматы (39,8%) мен Нұр-Сұлтанға (25,4%) тиесілі.

ЖОО, рейтинг