Студент жастар одағының мүшесі, ҚазБСҚА-ның 3-курс студенті Құралай Рысқалиева одақтың жаңа ғимаратқа көшкеніне қуанышты екенін айтты.

Біздің одақ университет студенттерінің арыз-шағымы, пікір-көзқарасы естілуі үшін және олардың оқу орнының толық мүшесі сезінуі үшін жұмыс істейді. Бұған дейін одақтың кішігірім кабинеті болатын, шараны аудиторияларда, «Қыс бағында» өткізіп жүрдік. Ал бұл ғимарат кең әрі ішінің дизайнын өзіміз жасадық. Студенттер одағы ғимараты деп аталады. Ғимаратты Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы мен Қазақ-Америка университетінің студенттері бірдей пайдалана алады, — деді Құралай Рысқалиева.

Оның айтуынша, болашақта одаққа жаңа үйірмелер қосылады. Ғимарат ашылардан бір күн бұрын би үйірмесіне кастинг өтті. Енді одақ құрамында бишілердің ұйымы жұмыс істейді.

Ғимаратты ашу салтанаты. Фото: ҚазБСҚА баспасөз қызметі

Дәл қазір одақта «Миллениум help world» қайырымдылық ұйымы, Волонтерлар лигасының филиалы, белсенді студенттерді біріктіретін Enactus халықаралық ұйымының филиалы бар. Бүгін «Миллениум help world» ұйымының 2019-2020 оқу жылында 11 рет қайырымдылық шарасы өтті. Университетімізде шығармашылық адамдары оқиды. Салған суретін, жасаған мүсінін, тоқымасын, пісірген тәтті-дәмдісін оқу орнында сатады. Түскен ақшаны көбіне балалар үйіне өткізеді. Жаңа ғимарат осы бірлестіктердің жұмысын одан әрі дамытуға септігін тигізеді, — деді Студенттер одағының мүшесі.

Ғимаратқа Студент жастар одағы төрағасы толық жауап береді. Ғимаратты факультеттер теңдей пайдалана алуы үшін әр факультеттің өз күні болады. Бір-біріне кедергі жасамау үшін үлкен шараның өту уақытын алдын ала келісіп алуы керек.

Фото: ҚазБСҚА баспасөз қызметі

Халықаралық қатынастар және студенттер мәселелері жөніндегі проректор Елдар Аянбаев ғимарат бұған дейін техникалық мақсатта жұмыс істегенін айтты. Студенттердің игілігіне беретін кезде бірнеше компания демеуші болып, ғимаратты лофт стилінде жөндеп берген.

Жастар бізден осындай жеке ғимараттың болуын жиі сұрап жүрді. Өйткені репетиция жасауға кең зал керек. Ғимаратта студенттер асханасы, студенттер мейрамханасы және мәжіліс залы бар. Зал қабырғаларын академияда оқитын GRAFFITI өнерінің шеберлері безендірді. Ал төбесіне студенттер өз қолымен жасаған жарықшамдары ілінді. Студент одағының негізгі жеті мүшесі штаттағы қызметкер саналып, айлық алады. Оларды студенттер бір жылға сайлап отырады, — деді Елдар Аянбаев.

ҚазБСҚА президенті Әмірлан Құсайынов шарада өзінің бір арманы орындалғанын айтты.

1990 жылдары Америкадағы жоғары оқу орындарында дәріс бердім. Студенттерінің жеке ғимараты бар үш оқу орнын көрдім. Сол кезде елге барған соң студенттердің жеке жайлары болса ғой деп армандайтынмын. Бүгін сол арманым орындалды. Бұл іске студенттер көп көмектесті. Мұндағы LED-экран университеттің басқа ғимаратында жоқ, оны студенттерге беріп отырмыз, — деді университет президенті.

Студенттер жастар комитетінің төрағасы Қуаныш Жұмағазының айтуынша, ғимарат оқу орны жастарының күнде жиналатын орталығына айналады.

Біздің елде тек студенттер пайдаланатын, жастардың бастамасына жағдай жасауға берілген мұндай ғимарат жоқ. Бұл жерде күн сайын жиналып, студенттер арасындағы бастамаларды талқылап, мәселемізді шешеміз деп ойлаймын, — деді Қуаныш Жұмағазы.

Оқу орнында студенттер одағы 20 жылдан бері бар. Бұл университеттің дербес құрылымдық бөлімшесі ретінде жұмыс істейді, жеке штаты бар. Жастар одағы ғимаратында студенттер көрме ұйымдастырып, телевидение және дизайн сияқты мамандықтағылар өздері түсірген фильмдерді қатарластарына осында көрсете алады. Ғимараттың бірінші қабатындағы кабинеттерде студенттер салығын төлеп отырса, стартап жобаларын жүзеге асыра алады.