Қазақстан Президенті халықты Конституция күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Конституция күнімен құттықтады.

Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын! Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмтылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан. Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады, — делінген Президенттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Конституцияның 25 жылдығы тойланатынын айтты. Оның пікірінше, осы ширек ғасыр ішінде еліміздің басты заңы жасампаздық пен ілгерілеудің кепіліне айналды.

Қазақстан тұтас құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жүйені қалыптастырып, жан-жақты жаңғыру жолына түсті. Тұңғыш Президентіміз — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған Ұлт жоспары мен институционал реформалар соның негізін құрайды. Біздің мақсатымыз — экономиканың сапалы өсімін және халықтың әлеуметтік сұраныстарын қамтамасыз етіп, тұрмыс деңгейін арттыру, сонымен бірге мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіру, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан Конституциясы азаматтардың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе беретінін айтты.

Қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке және мол табыс тілеймін! — деді Мемлекет басшысы.