Жұлдыз Әбділда, журналист, ата-ана:

Әр баланың қабілеті, қабылдауы әртүрлі. Ата-ананың шағым айтуының бір себебі осында. Оның үстіне, қазір көп жерде бір сыныпта 30 баладан отыр. 35-37 бала отырған кластар бар. Бір сабаққа берілетін уақыт — 40 минут. Бұл уақытта мұғалім жаңа сабақ өтіп, сабақ сұрап, түсінбегендермен жұмыс істеп үлгермейді. Түсінбеген бала түсінбеген күйі қала береді. Онымен ата-ана айналысуы керек. Ал ата-ананың уақыты жоқ. Сол себепті баланы қосымша білім беру орталықтарына сүйреуге, қосымша оқытуға тура келеді.

Ата-аналардың қосымша оқытуға қатысты көзқарасы да әртүрлі. Кейбіреу баланы бірден өзінің мұғаліміне оқытады. Ақы алып отырғаннан кейін мұғалім баланың бағасын көтермелеп қоюы мүмкін. Мәселен, «балаңыздың үлгерімі нашар» деп үнемі төмен баға қойып жүріп, қосымша сабағына берген күннен бастап бағасын көтермелеп қойған жағдайларды білемін. Сондықтан мүмкіндігінше басқа орталықта оқытқан дұрыс деп ойлаймын. Бұл әркімнің жағдайына, мүмкіндігіне байланысты.

Оқулық мәселесіне келсек, бұған дейін кей мектеп «Атамұра», кейбірі «Алматыкітап», тағы біразы «Мектеп» баспасының оқулықтарымен оқыған еді. Қазір олай емес. Бұл мәселе біршама біріздендірілді. Жаратылыстану бағытындағы оқулықтарды Назарбаев Зияткерлік мектептері шығарса, басқа кітаптар бірыңғай «Алматыкітаптан» шығып жатыр («Өзін-өзі танудан» басқасы). Оқулықтың сапасы соншалық нашар емес. Ал ересектер кейде өзінің түсінігі шеңберінде қарайды.

Біз бұған дейін ескі бағдарламамен оқып, биылғы оқу жылында ғана жаңартылған оқу мазмұнына көштік. Былтыр бастауышты 14-15 оқу озатымен аяқтаған едік. Биыл бірден он шақтысы екпінді болып қалды. Керісінше, бірінші кластан кейін мақтау қағазын алмаған балалардың арасынан озаттар шықты. Неге? Қазіргі бағдарлама бойынша баланың «тағдырын» бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) шешеді.

Ата-аналардың кейбірі «БЖБ болғалы баламыз сабақ оқымайтын болды, өйткені баға қоймайды» дегенді айтады. Иә, бала үшін баға — мотивация, бірақ үй тапсырмасын тұрақты орындап, сабаққа мұқият дайындалып жүрмесе, БЖБ-дан төмен баға алады. Бұл бағдарлама баға үшін емес, білім үшін оқуға көбірек жол ашады деп ойлаймын. Бұрынғыдай емес, балалардың еркін ойлауына, өзінше ой қорытуына жол ашады. Баға қоймағанмен «жарайсың!», «жақсы», «өте жақсы», «үздік» деп ынталандырып отырады.

Ата-ана ретінде ешқандай проблема көріп отырған жоқпын, бірақ бұл ешқандай проблема жоқ дегенді білдірмейді. Біз бірінші кластан бастап баланы сабақты өз бетінше оқуға баулыған едік. Сабағына күнделікті араласып отырмағаннан кейін кесіп-пішіп айта алмаймын. Дегенмен математика, логика, қазақ тілі, ағылшын тілі және орыс тілі пәнінен қосымша оқу орталығына барамыз. Бүгінгі заманда қосымша оқу керек деп есептеймін.

Зарина Нышанбекқызы, мұғалім, ата-ана:

Зарина Нышанбекқызы. Фото жеке архивінен
Зарина Нышанбекқызы. Фото жеке архивінен

Қазіргі мектеп бағдарламасына көңілім толмайды. Себебі қазір дене шынықтыру сабағы аптасына үш рет болады. Бұл пән аптасына екі рет болса, жеткілікті деп ойлаймын. Оның орнына басқа сабақтың сағатын көбейтсе, дұрыс болар еді. Музыка пәні бағдарламасына домбыра үйренуді енгізсе екен. Домбыра — асыл дүниеміз. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабағын енгізу дұрыс бастама деп есептеймін. Одан кейін баяғы емтихан жүйесі қалпына келтіру керек. Жоғары білім алу үшін талапкер өзі таңдаған оқу орнына барып, емтихан тапсыру арқылы бағын сынайтын. Ал қазір қалай? 11-класс оқушысы барлық пәнді ысырып қойып, тек ҰБТ тапсыратын пәнге дайындалады. Емтиханның артықшылығы — жеткіншек өзі қалаған мамандық бойынша сынақ тапсырады. Білімін сол сала бойынша жетілдіреді, ізденеді. Сол жүйе әлдеқайда тиімді әрі пайдалы.

Одан кейін «смайлик» түрінде баға беру жүйесінен бас тартсақ, дұрыс болар еді.

Жансая Орынбасарова, ата-ана:

Жансая Орынбасарова. Фото жеке архивінен
Жансая Орынбасарова. Фото жеке архивінен

Қазіргі балалар талдай алатын ойлау жүйесінен гөрі энциклопедия білімін алуға қабілетті. Олар кез келген ақпаратты тест түрінде жаттап алуға бейім. Оқушы заман талабы бойынша ағылшын, орыс тілін 1-кластан бастап оқиды. Қай мемлекет балаға бірінші кластан бастап үш тілді үйретіп жатыр? Басқа мемлекеттер балаға өз тілінің дағдыларын еркін меңгерткеннен кейін ғана өзге тілді үйретеді. Солай ұлттық болмысты қалыптастырады және тілге ерекше құрмет білдіреді. Біздің білім беру жүйесі не себепті үш тілді қатар үйретуге асығыс екенін түсіне алмаймын. Меніңше, шет тілін ерте оқытудың қажеті жоқ. Орыс тілін 3-кластан, ағылшын тілін 5-кластан бастайтын жүйе тиімді, бұдан бала ана тілін жетік меңгереді.

Мектеп бағдарламасында баланы өмірге бейімдейтін пәндер көбейсе деген ұсынысым бар. Мысалы, логика — бастауыш класта оқытылатын қосымша пән. Десек те, логика тек есептен тұрмайды. Барлық сала бойынша баланың логикасы мен ойлау деңгейі жан-жақты дамыса, артық болмайды. Одан кейін баланы мектеп жасынан қаржылай сауатты етіп тәрбиелеу керек.

Балаға несие, инвестиция, валюта сияқты ұғымдарды ерте жастан түсіндіру қажет. Нәтижесінде ақшаны тиімді басқара алатын, қабілетті адам қатары көбейеді.

Эльмира Жексенбі, мұғалім, ата-ана:

Қазіргі мектеп бағдарламасындағы жаңа әдістер қуантады. Ең әуелі бескүндік оқу аптасы біз үшін тиімді. Себебі 5 күн оқып бастағалы балаларымның бос уақыты көбейіп, үй шаруасы мен сүйікті ісіне көңіл бөле бастады. Үш тілді үйрену арқылы балаларым қазір орыс, ағылшын сөздерін жатқа біледі, тіпті 3 жастағы қызым да үш тілде сөздерді меңгеріп алған. Болашақта үш тілді меңгерген, саналы ұрпақтың көбейетініне кәміл сенемін.

Одан кейін Kundelik.kz сайты өте пайдалы. Оның мұғалім мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға тигізер үлесі зор. Мысалы, қазір балаларымның оқу үлгерімі туралы қашықтан хабардар болып отырамын. Олардың үй тапсырмасы мен алған бағасын үйде отырып-ақ білемін. Сайтта тоқсанның соңында қорытынды баға бірден шығады, яғни әр баланың бағасы процентпен көрініп тұрады.

(Иллюстрация: Dribbble.com/©Felic in Balooga App)