Басты бетЖаңалықтарБердібек Сапарбаев:...

Бердібек Сапарбаев: Kazakh Tourism компаниясынан нақты нәтиже жоқ

Премьер-министрдің орынбасары ең әуелі биыл болатын мерейтойларды сапалы өткізуді және оған бөлінетін қаражатты босқа шығындамауды тапсырды.

Биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, әл-Фарабидің 1150 жылдығына, Алтын Орданың 750 жылдығына және Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 75 жыл толуына орай көп мерейтойлық іс-шара өткізіледі. Осы іс-шаралардың бәрін тағы бір мұқият талдап, идеологиялық сипатын арттыру керек. Сонымен бірге барлық шығынды оңтайландырып, бөлінген қаражатты халық игілігіне жұмсау қажет, — деді Бердібек Сапарбаев.

Вице-премьер жастарға бұқаралық спортпен айналысу дұрыс насихатталмай жатқанын айтты. Ол ауылда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуды, «Алтын шайба», «Былғары доп» сияқты балалар мен жасөспірімдердің ірі жарыстарын өткізуді, аудандар мен ауылдарда республикалық шығармашылық ұжымдарының гастролін ұйымдастыруды тапсырды.

Министрлік бұл бағытта өңірлермен тығыз байланыс орнатуға тиіс. Көп іс-шара халықтың басым бөлігі өмір сүретін облыстарда өткізілетіні мәлім. Жыл сайын республика бойынша жаңа спорт кешендері мен мәдениет ғимараттары салынып жатыр. Дегенмен тәжірибе сол ғимараттардың басым бөлігі демалыс және мейрам күндері, кешкі уақыттарда пайдаланылмайтынын көрсетіп отыр. Балаларға бос уақыттарында тегін немесе жеңілдетілген түрде үйірмелерге, секцияларға, кітапханаларға, театрларға және басқа да нысандарға баратын жағдай жасау қажет. Жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету — кәмелетке толмағандар арасында рухани-адамгершілік тәрбие берудің және олардың құқық бұзуын болдырмаудың маңызды аспектісі, — деді Бердібек Сапарбаев.

Үкімет басшысының орынбасары туризм индустриясын дамыту жөніндегі жұмыстың нәтиже бере қоймағанын да сынға алды.

Қазақстан ішкі туризмді дамыту үшін де, шетелдік қонақтарды қабылдау үшін де үлкен әлеуетке ие. Біздің еліміздің аумағы үлкен, бай тарихи және мәдени мұрасы, бірегей табиғаты бар. Алайда біз қолда бар мүмкіндіктерді толығымен пайдаланып жатқан жоқпыз. Негізгі мәселе — аталған салаға стратегиялық инвесторларды тарту. Арнайы Kazakh Tourism компаниясын құрдық, көп әңгіме болды, бірақ нақты нәтиже әзірше жоқ, — деді ол.

Бердібек Сапарбаев тіл саясаты мен кино индустриясын дамыту мен Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясындағы іс-шараларды жүзеге асыруды да тапсырды.