Музыкалық білімі жоқ танымал әншілер

Ернар Айдар

Дипломы бойынша заңгер. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Экономика және бизнес» факультетін бітірген. Заңгер мамандығында оқып жүрсе де ән жазу студиясын жағалап, әнге аңсары барын көрген ағасы, қазіргі продюсері Талғат Айдардың демеуімен сахнаға келген. Арнайы музыкалық жоғары білім алмаса да өнерімен халыққа ұнап жүрген әнші.

Тәуекел Мүсілім

Сатпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде «Машина жасау» мамандығы бойынша білім алған. Өнер әлеміне кездейсоқ келген. Ұзын бойлы, денелі жігітті спорт залдан байқап қалған режиссер оны сериалға түсуге шақырды. Содан бері ол жігіт өнерде. Қазіргі таңда ән жаздырып, бейнебаян түсіріп әншілікке де ауыз салып жүр.

«Жігіттер» тобы

«Жігіттер» тобындағы Ердос Қанаев та арнайы музыкалық білім алмаған әнші. Жоғары оқу орнын «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Мұхтар Әуезов «Әдебиет пен өнер — егіз» деп бекер айтпаса керек. Дипломды әдебиетші — бүгінде жұлдызы жанған әнші.

Ал, осы топтағы Айдар Байжановтың мамандығы — мұнайшы. Айдар атақты топта он бес жылдан бері ән салып, шәкірт тәрбиелеп, көп жылдық тәжірибесімен бөлісіп жүр.

Айқын Төлепберген

Әнші Айқын Төлепбергеннің мамандығының да өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде инженерлік білім алған. Соған қарамастан, отандық және шетелдік байқауларға қатысып жүлдегер атанды. Жанды дауыста ән салып, концерт бергенде кәсіби музыканттардан кем түспейді.

Айқын Төлепберген

Бүркіт пен Аиша

Бүркіт пен Аишаның да музыкалық білімі жоқ екен. Бүркіттің алғашқы мамандығы заңгер. Одан кейін құрылыс инженері мамандығы бойынша білім алды. Дегенмен, Бүркіт домбыраның құлағында ойнайды, халық әндерін нақышына келтіре орындайды. Бір қарағанда оны музыкалық білім алмаған әнші деп айта алмайсың. Ал, оның жары Аишаның мамандығы – дизайнер.

ДереккөзToiduman.kz