Сүт өнімдері ересек адам ағзасына зиян ба?

Әлем халқының 1%-інде тұқымқуалаушылықпен берілетін лактаза жетіспеушілігі ауруы бар. Бұл — ашішектің шырышты қабатындағы лактаза ферментінің жеткіліксіздігіне байланысты лактоза бөлінуінің бұзылуы. Евгения Соколовскаяның айтуынша, лактаза жетіспеушілігімен ауыратын адамдарға ғана сүт өнімін ішуге болмайды. Дәрігерлер мұндай кезде йогурт, айран, сүзбе сияқты қышқыл сүт өнімдерін тұтынуға кеңес береді. Өйткені ағза ақуыз бен кальциді белгілі бір мөлшерде алуы қажет. Екінші дәрежелі лактаза жетіспеушілігімен ауыратындарға қышқыл сүт өнімдерін пайдалануға болмайды.

Фото: SPN Communications PR агенттігі

Лактаза жетіспеушілігі ауруымен ауырмайтын барлық адам сүт өнімдерін тұтынуы керек. Сүт құрамында ақуыз, кальций, май, көмірсулар мен витаминдер бар. Сүт өнімінен толық бас тартқан адам остеопороз ауруына шалдығуы мүмкін. Сүт органикалық өнімге жататындықтан адам ағзасы оны жақсы сіңіреді. Гормон жүйесі, қан және орталық жүйке жүйесі сияқты органдардың жұмысына күнделікті 1000-1200 миллиграмм мөлшерде кальций қажет. Ағзаға бұл мөлшер қорекпен түспесе, ол кальциді сүйектен ала бастайды, — дейді Евгения Соколовская қышқыл сүт өнімдерін өндіретін Danone компаниясы ұйымдастырған пресс-таңғы аста.

Евгения Соколовскаяның айтуынша, сүт өнімінен 1,5 жылдай бас тартқан адам жүре пайда болған лактаза жетіспеушілігі ауруына шалдығуы мүмкін. Өйткені бұл уақытта ағза лактозаны ыдырататын ферментті өндірмей қоюы мүмкін.

Сақталу мерзімі аз сүт өнімдері пайдалы емес пе?

Сүт өнімдері түрлі бактерияның ықпалынан бұзылады. Бұл бактериялар сиыр сауғанда, сүтті тасығанда, фильтрация кезінде және басқа жағдайда сүтке түседі. Диетологтың айтуынша, сүт өндіретін зауыттың жабдықтары таза болса, сүт өнімі жақсылап оралып, сақтау жағдайы жоғары болса, сүт 2 аптаға дейін сақталады.

Баланың ағзасына күнделікті 900 миллиграмм шамасында кальций қажет. Ол үшін күнделікті 150 грамм сүзбе жесе, жеткілікті. Сүзбені балаларға 2 жастан бастап беруге болады. Тек балаларға арналғанын, онда да мектепке дейінгі және мектеп жасындағы түрлерін таңдаған жөн.

Балаларға арналған сүзбе ультрафильтрация арқылы дайындалады. Баланың ағзасы ондай сүзбені оңай қорытады, — деді диетолог.

Жарты жылға дейін сақталатын сүт ерекше термиялық өңдеумен өңделіп, арнайы оралады. Мұны «ультрапастерленген сүт» деп те атайды.

Сүт ұзақ сақталуы үшін оны 135-137 градусқа дейін қыздырып, бірден 4-5 градусқа дейін суытады. Бұл сүт құрамындағы бактерияны жояды, бірақ пайдалы заттар сақталады. Өйткені жылумен өңдеу 2-4 секундқа созылады, — дейді Евгения Соколовская.

Фермер ғана өндіретін сүтке сену керек пе?

Евгения Соколовскаяның айтуынша, «фермер өнімі» деген стандарт жоқ. Ірі зауыттарға сүт өнімдерін фермерлер өткізеді.

Евгения Соколовская. Фото: SPN Communications PR агенттігі

Жоғары сапалы стандарты бар ірі өндірушілердің өнімінде патоген бактериялар болмайды. Олардың жеке фермерлер өндіретін өнімнен айырмасы — осы ғана, — деді маман.

«Өнеркәсіп йогуртының құрамында пайдалы заттар жоқ» немесе «олар нағыз йогурт емес» деген пікір де жиі айтылады. Евгения Соколовская осыған қатысты да түсінік берді.

Өнеркәсіпте дайындалған йогурт құрамында «йогурт» деп аталуы үшін барлық қажет зат бар, бірақ өндіруші өнімнің жарамдылық мерзімі аяқталғанда қышқыл бактерияларының 106 колония түзуші бірлік мөлшеріне ғана кепілдік бере алады, — дейді дәрігер.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!