Қаңтардың 31-індегі гидрометеорологиялық бақылау мәліметі бойынша Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында қар жамылғысындағы ылғал қоры орташа көпжылдық нормадан жоғары.
Көпжылдық бақылау мәліметі бойынша Қазақстанда ақпан, наурыз, сәуір айларында жауын-шашынның айлық нормасы түсуі мүмкін, Ақпанда температура көтеріліп, жаңбыр көп жауған жағдайда Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс өңірлерінде тау өзендерінің суы тасуы мүмкін, — деп хабарлады «Қазгидромет» мамандары.
2020 жылдың ақпанына арналған болжам бойынша ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері Қазақстан аумағының көп бөлігінде климат нормасынан жоғары болады. Айдың бірінші онкүндігінде күндізгі және түнгі ауа температурасы жоғарылайды, олар қардың еруіне, еріген қар суының жайылуына, мұз кептелістерінің пайда болуына және Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында өзендердің тасуына әкеп соғуы мүмкін.