Болжам бойынша алдағы күндері оңтүстік циклонының ауа массасының әсерінен Қазақстанның барлық өңірінде жылымық орнайды.
Қазақстанға жылжып келе жатқан оңтүстік циклоны мен атмосфера фронттары республиканың көп облысында қайтадан жаңбыр мен жылбысқы қарға, солтүстік, орталық және шығыс облыстарда қар мен боранға, күшті жел мен көктайғаққа себеп болады. Жылы ауа массасы бұған дейін оңтүстік пен батыста температураның айтарлықтай жоғарылауына ықпал етті, енді алдағы тәуліктерде Қазақстанның басқа аумағында температураның жылымыққа дейін көтерілуі басталады, — деп хабарлады «Қазгидромет» кәсіпорнының баспасөз қызметі.
Синоптиктердің мәліметінше, солтүстік, орталық және шығыс облыстарда күндізгі температура 5 градус аяздан 5 градус жылы аралығында, оңтүстік пен батыста 3-8 градус жылыға, қиыр оңтүстікте 15 градус жылыға дейінгі аралықта болады, бұл орташа көпжылдық шамадан 5-14 градус жоғары.