Арна Жүсіп — Air Astana әуе компаниясының бортсерігі. Оның айтуынша, бортсерік болуға студент кезінде Work and Travel бағдарламасы бойынша АҚШ-та жұмыс істегені көмектескен. Арна Массачусетс штатының Хайаннис қалашығындағы фастфуд орталығында кофе әзірлеп, тәтті бәліш сатқан.

Кофенің түрі өте көп, әсіресе декаф пен моккачиноға тапсырыс жиі түседі. Ең бастысы — оларды шатастырып алмау қажет. Смузиді де қолдан жасап, саттық. Мұнда Американы көріп, ағылшын тілін жетілдіріп қана қоймай, қомақты қаржы табуға да болады, — дейді ол.

Арна АҚШ-қа студенттердің білім мен мәдениет алмасуы үшін берілетін J-1 визасымен барған. Сапарға 2000 доллар жұмсаған. Жазғы демалыстың 3 айында жұмыс істеп, кеткен шығынды екі есе қайтарып алыпты. Ол күніне 20 доллар, аптасына 500 доллар шайпұл алып тұрған. Айына 105 долларға қыздармен бір бөлмелі пәтер жалдаған.

АҚШ-та 7 сағат жұмыс істеу талап етілген, бірақ мен үш жерде  жұмыс істедім.  Жұмыс күндері екі қызметті қатар алып жүрдім, демалыс күндері бір мейрамханада бургер дайындадым, — дейді ол.

Арна Жүсіп. Фото жеке архивінен
Арна Жүсіп. Фото жеке архивінен

Арнаның айтуынша, Америкада студенттерге ұсынылатын жұмыс түрі көп. Маусымдық еңбекке құқығы бар студенттер мұнда көбіне сауда мен қызмет көрсету салаларында, мысалы, дүкен, мейрамхана, бизнес орталығы, қонақүй кешені, аквапарк, аттракциондар паркі сияқты орындарда жұмыс істей алады. АҚШ-та жұмыс істеуге аптасына 40 сағат беріледі. Егер студент одан артық еңбектенсе, ол over time болып есептеледі, яғни бұл еңбегі үшін оған жұмыс беруші 1,5 есе көп ақы төлейді.

Ол жақта адамдармен жиі сөйлессең, тіл жетілдіру мүмкіндігі  жоғары болады. Ал қасыңда өзіңмен бірге барған адам болса, онда тіл үйрену қиын болмақ. Адам жалғыз қиналғанда ғана көп нәрсе үйренеді. Шетелде тілді дамытуға барынша тырысу керек, — дейді Арна Жүсіп.

Арна Құрама Штаттарда заң өте қатал, бірақ құқық қорғау органдары халықпен тығыз жұмыс істейтінін айтты. Тәртіп сақшылары сырттан заңды жұмыс істеуге келген адамға құрметпен, жауапкершілікпен қарайды. Дегенмен Арна рухани тәрбие жағынан Қазақстан азаматтарының Америка халқына қарағанда әлдеқайда алда екенін байқапты.

Арна Жүсіп. Фото жеке архивінен
Арна Жүсіп. Фото жеке архивінен

Бойжеткеннің айтуынша, Америка жұмыс берушілері барлық еңбеккерге бір талап қояды — адам робот сияқты жұмыс істеуі керек. Тазалыққа да ерекше назар аударады. Бір қызығы — жергілікті халық үнемі күлімсіреп жүреді.

Арна Жүсіп
Арна Жүсіп. Фото жеке архивінен

Арна АҚШ-та велосипедпен немесе жаяу жүрген ыңғайлы әрі арзан екенін айтты. Велосипедті жалға алуға да болады. Кейбір қалада қауіпсіздік мақсатында жаяу өтуге тыйым салынған жерлерді алдын ала біліп алған дұрыс. Барған сәтте қаланың картасына назар аударған жөн. Адасып қалған жағдайда адамдардан жол сұрауға ұялмау керек. АҚШ-қа алғаш рет баратын адам сақтандыру полисі нөмірін жаттап алуы қажет. 

Арна Жүсіп
Арна Жүсіп. Фото жеке архивінен

Америкада жұмыс істеп, ағылшын тілін меңгеріп келген соң Алматыдан жұмыс табу қиынға соқты. Бір танысым бортсерік болуға ұсыныс білдірді. Содан жұмысқа орналасып, әлемнің 10 елінде болдым, — дейді Арна.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!